ОРДАБАСЫ: РЕСПУБЛИКА КҮНІ ҚАРСАҢЫНДА – ТАЗА АУЫЗ СУ ЖОБАСЫ ІСКЕ ҚОСЫЛДЫ

25 қазан – Республика күні мерекесі қарсаңында Ордабасы ауданының Қараспан ауылдық округіне қарасты Жұлдыз, Мәдениет және Ынтымақ ауылдары көптен күткен таза ауыз су жүйесіне қосылды.
Сәуір айында басталған жобаның жалпы құны 222,9 миллион теңге. Құрылыс жұмыстарын «Карат-Z» ЖШС жүзеге асырған.
Салтанатты шараға аудан әкімі Азат Оралбаев, аудандық мәслихат төрағасы Бақдәулет Жұмабеков, аудан прокуроры Абзал Қыдырбай және ауыл тұрғындары қатысты.
Аудан басшысы өз сөзінде елді таза ауызсумен қамту — Президент тапсырмасына сай маңызды міндеттердің бірі екенін атап өтті:
«Бүгінгі қуанышты оқиға — Республика күнімен тұспа-тұс келіп отыр. Бұл — аудан тұрғындарының өмір сапасын арттыру жолындағы нақты қадам. Ауылдық елді мекендерді сапалы ауызсумен қамту — біздің басты міндетіміздің бірі», — деді Азат Оралбаев.
Ауыл ақсақалдары да аудан басшылығына және жобаға атсалысқан азаматтарға алғыс айтып, ақ батасын берді.
Айта кетейік, бұл нысан — Ордабасы ауданында мемлекетке прокуратура органдары қайтарған активтер есебінен салынған екі әлеуметтік жобаның бірі.





