МАҚТААРАЛ: РЕСПУБЛИКА КҮНІ ҚАРСАҢЫНДА КЕҢ АУҚЫМДЫ ТАЗАЛЫҚ ШАРАСЫ ӨТТІ

25 қазан – Республика күні мерекесі және «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында Мақтаарал ауданында ауқымды сенбілік ұйымдастырылды. Бұл күні ауданның барлық ауылдық округтері, мемлекеттік мекемелер мен білім беру ұйымдарының қызметкерлері, жастар және еріктілер бірігіп, тазалық жұмыстарына белсене атсалысты.
Жалпы сенбілікке 3500-ден астам адам қатысып, туған жердің көркін арттыруға өз үлестерін қосты. Қатысушылардың бірлескен еңбегі нәтижесінде А-15 республикалық маңызы бар жолдың 20 шақырымы күл-қоқыстан тазартылды. Сондай-ақ елді мекендердің айналасындағы тұрмыстық қалдықтар мен қоқыстар арнайы техниканың көмегімен шығарылды. Тазалыққа барлығы 18 дана техника жұмылдырылып, 25 тоннаға жуық қалдық белгіленген полигондарға жеткізілді.
Сенбілік барысында ауданның көркі мен экологиялық ахуалын жақсарту мақсатында көгалдандыру жұмыстары да жүргізілді. Қала мен ауыл көшелерінің бойына және демалыс аймақтарына 500-ден астам арша ағашы егілді. Бұл бастама табиғатты қорғау мәдениетін күшейтіп, тұрғындардың экологиялық жауапкершілігін арттыруға бағытталған.
Мақтаарал ауданы әкімдігі мұндай сенбіліктер қоғамда тазалық мәдениетін қалыптастырып, әр азаматтың өз ортасына деген қамқорлық сезімін күшейтетінін атап өтті. Алдағы уақытта да аудан аумағында экологиялық жағдайды жақсарту, көгалдандыру және қоқыс мәселесін жүйелі түрде шешу жұмыстары жалғасын табады.





