ТҮРКІСТАН: РЕСПУБЛИКА КҮНІНЕ ОРАЙ БІРЛІК ПЕН ЫНТЫМАҚТЫ НЫҒАЙТҚАН АЗАМАТТАР МАРАПАТТАЛДЫ

 

25 қазан – Республика күні мен Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығына орай Түркістан қаласында ел бірлігі мен татулығын сақтауға сүбелі үлес қосқан азаматтар салтанатты түрде марапатталды.

Мерекелік жиынға Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ертай Алтаев, этномәдени бірлестік жетекшілері, қоғам белсенділері мен жастар қатысты. Шарада өңірдегі келісім мен өзара түсіністікті нығайтуға атсалысып жүрген азаматтарға құрмет көрсетілді.

📌 – Сіздер қоғамдық келісімді сақтау, ұлттар мен ұлыстар арасындағы достықты дамыту жолында үлкен еңбек етіп келесіздер. Тәуелсіз еліміздің егемендігі мен тұрақтылығын нығайтуға, халықтың бірлігін бекемдеуге қосқан үлестеріңіз зор. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамалары мен реформаларын жүзеге асыруда да сіздердің қолдауларыңыз ерекше. Ел мүддесі жолындағы еңбектеріңізге ризашылығымды білдіремін, – деді облыс әкімінің орынбасары Ертай Алтаев.

Салтанатты жиында өңірдің бірқатар азаматтары Қазақстан халқы Ассамблеясының қоғамдық “Бірлік” алтын медалімен, сондай-ақ «Қазақстан халқы Ассамблеясына 30 жыл» мерекелік медалімен марапатталды. Бұдан бөлек, «Алғыс» төсбелгісі, Құрмет грамоталары және ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің Алғыс хаттары иелерін тапты.

Марапат иелері өз кезегінде ел бірлігін сақтау – әр азаматтың борышы екенін атап өтіп, бейбітшілік пен татулықты нығайту бағытындағы еңбектерін жалғастыра беретіндерін айтты.