ТҮРКІСТАН: РЕСПУБЛИКА КҮНІНЕ ОРАЙ МЕМЛЕКЕТТІК ТУ КӨТЕРУ РӘСІМІ ӨТТІ

25 қазан – Республика күні мерекесіне орай Түркістан қаласындағы «Рәміздер» алаңында Мемлекеттік туды көтеру салтанаты өтті. Іс-шара Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Әнұранын орындаудан басталып, көк байрақ көкте желбіреді.

Салтанатты жиынға Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров, өңірдің құрметті азаматтары, жастар және қала тұрғындары қатысты. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен елдің барлық өңірінде Республика күніне арналған Мемлекеттік туды көтеру рәсімі дәстүрге айналған. Сол игі дәстүр қасиетті Түркістан төрінде де жалғасын тапты.

– Баршаңызды 25 қазан – Республика күнімен шын жүректен құттықтаймын! Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бұл күнге ұлттық мереке мәртебесін қайтару бастамасын көтеріп, ол жүзеге асты. Жыл сайын Республика күні Президентіміз Ту көтеру рәсімін өткізеді. Бұл – егемендіктің, елдіктің және бірліктің белгісі. Биыл 1990 жылы 25 қазанда қабылданған Декларацияға 35 жыл толып отыр. Бұл құжат тәуелсіз Қазақстанның негізін қалаған тарихи шешім болды. Еліміздің көк туы мәңгі биікте желбірей берсін! – деді облыс әкімі Нұралхан Көшеров.

Түркістандықтар мемлекеттік рәміздерді қастерлеу дәстүрін жалғастырып, мерекені жоғары деңгейде атап өтті. Шара аясында патриоттық әндер шырқалып, концерттік бағдарлама ұсынылды.

Айта кетейік, Түркістандағы ту тұғырының биіктігі – 62,5 метр, байрақтың ені – 12 метр, ұзындығы – 24 метр.

Мемлекеттік ту – елдіктің айғағы, тәуелсіздіктің нышаны. Оны құрметтеу – әрбір азаматтың патриоттық парызы.