ТҮРКІСТАН: АРЫСТА РЕСПУБЛИКА КҮНІНЕ ОРАЙ ЗАМАНАУИ СПОРТ КЕШЕНІ АШЫЛДЫ

25 қазан – Республика күні мерекесінде Арыс қаласының Ақдала ауылында жаңа заманауи спорт кешені пайдалануға берілді. Нысан «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында салынған және ауыл жастарының салауатты өмір салтын ұстануына кең мүмкіндік туғызбақ.
Жаңа кешен барлық қажетті материалдық-техникалық жабдықтармен қамтамасыз етілген. Мұнда волейбол, баскетбол, бокс, үстел теннисі, күрес және гимнастика сияқты спорт түрлерімен айналысуға жағдай жасалған.
Салтанатты ашылу рәсіміне қала әкімі Қайсар Маңқараев, Ардагерлер кеңесінің төрағасы Әбдісаттар Жүніс, ауыл ақсақалдары мен жастар қатысты. Қала басшысы тұрғындарды жаңа спорт нысанының ашылуымен құттықтап, ауылдағы әлеуметтік нысандардың көбеюі елдің әл-ауқатының артуының айқын көрінісі екенін атап өтті.
Жалпы аумағы 371,65 шаршы метр болатын спорт зал бір мезетте 100-ден астам адамды қабылдай алады. Ішінде медициналық кабинет, киім ауыстыратын бөлме, гардероб және санитарлық тораптар бар. Едені сапалы резеңке жабындымен қапталған.
Ақдала ауылы тұрғындары жаңа спорт кешенін зор қуанышпен қабылдап, ауыл жастарына арналған маңызды сыйлық ретінде бағалады.
Айта кетейік, өткен жылы дәл осындай спорт кешені Қожатоғай ауылында ашылған. Ал биыл Байырқұм ауылындағы спорт залдың құрылысы аяқталу сатысында.
Қазіргі таңда Арыс қаласы аумағында 2 ірі спорт кешені мен 100-ден астам спорттық алаңдар, жаттығу құрылғылары бар. Сондай-ақ 4 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде 15 түрлі спорт түрі бойынша үйірмелер жұмыс істейді.





