ТҮРКІСТАНДА ҚАЛА КҮНІ МЕН РЕСПУБЛИКА КҮНІ ТОЙЛАНДЫ

 

Түркістанда Республика күні мен Қала күніне арналған «Тарих төріндегі – Түркістан» атты мерекелік гала-концерт өтті. Салтанатты шара Мұз сарайы жанындағы алаңда ұйымдастырылып, тұрғындар мен қала қонақтарына шаттық пен мерейлі көңіл күй сыйлады.

Мерекелік кеш патриоттық театрландырылған көрініспен ашылып, жергілікті және танымал өнерпаздардың концертімен жалғасты.

Қала әкімі Әзімбек Пазылбекұлы тұрғындарды мерекемен құттықтап, Түркістанның дамуы мен жетістіктерін атап өтті.
Кез келген қаланың басты байлығы – халқы. Сіздердің еңбектеріңіз қаламызды көркейтіп, оның өркендеуіне серпін беріп келеді. Біз Түркістанды заманауи, жайлы және ерекше мәртебеге лайық қала ету жолында табанды еңбек етудеміз. Бұл – баршамыздың ортақ міндетіміз, – деді қала басшысы.

Мереке аясында өңір дамуына үлес қосқан азаматтарға «Түркістан облысына сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісі, облыс әкімінің Құрмет грамоталары мен Алғыс хаттары, сондай-ақ «Түркістан қаласына сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісі табысталды. Марапат иелері арасында экономика, мәдениет, білім және коммуналдық сала қызметкерлері мен ардагерлер бар.

Кештің көркін елге белгілі өнер жұлдыздары «Абырой» тобы, Төреғали Төреәлі, Мархаба Сәби, Қазыбек Құрайыш және басқа да орындаушылар қыздырды. Көрермендер мерекелік концертті ерекше ықыласпен тамашалады.

Бағдарламада би қойылымдары, симфониялық оркестр сүйемелдеуімен орындалған халық әндері мен заманауи туындылар, сондай-ақ өңірдің үздік шығармашылық ұжымдарының өнері ұсынылды.

Сонымен қатар күндіз қалада ұлттық спорт түрлерінен сайыстар, жәрмеңкелер мен түрлі жеңілдіктер ұйымдастырылып, мерекелік шаралар ертең де жалғасады.