ТҮРКІСТАН: ЖЕТІСАЙДА БІР АПТАДА ҮШ АУЫЛҒА ГАЗ БЕРІЛДІ

 

Түркістан облысында ауылдарды табиғи газбен қамту жұмысы қарқын алды. Соның айғағы – Жетісай ауданындағы Ж.Ералиев ауылдық округіне қарасты 2055 тұрғыны бар С.Сейфуллин елді мекенінің көгілдір отынға қосылуы. Бұл қуанышты жаңалық 25 қазан – Республика күні қарсаңында жүзеге асты.

Жобаның жалпы құны 414,4 млн теңге, құрылыс жұмыстарын «РемСтрой» ЖШС өндірістік кестеге сай орындаған. Нысанның 21,7 шақырымдық газ құбыры 269 үйді көгілдір отынмен қамтамасыз етеді.

Сейфуллин ауылындағы салтанатты іске қосу рәсіміне аудан әкімі Серік Мамытов, «QazaqGazAimaq» АҚ Түркістан өндірістік филиалының директоры Ақылбек Абилдиев, аудандық мәслихат депутаты Олжас Қаныбеков және сала мамандары қатысты.

Аудан басшысы өз сөзінде округте тұрғындардың өмір сапасын арттыру бағытында бірқатар жобалардың іске асып жатқанын атап өтті.
Бәйтерек ауылында ауыз су жүйесі тартылып, Жүзтерек көшесі жөндеуден өтті. Үтіртөбе ауылында жаңа ұңғыма қазылып, оны су желісіне қосу жұмыстары басталды, – деді Серік Мамытов.

Оның айтуынша, бұл — соңғы аптада газ берілген үшінші ауыл. Бұған дейін Арай ауылында ойын алаңшасы мен саябақ ретке келтірілсе, Абай елді мекенінде аяқжол салу, Жаңа дәуір ауылында футбол алаңшасын орнату жұмыстары қолға алынған.

Газдандыру жобалары облыстың әлеуметтік дамуы мен тұрғындардың тұрмыс сапасын жақсартуға бағытталған.