ТҮРКІСТАН: ҚАЗЫҒҰРТТА «REPUBLIC DAY» АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ ЖӘРМЕҢКЕСІ ӨТТІ

 

25 қазан – Республика күні мерекесіне орай Қазығұрт ауданының орталық алаңында ауыл шаруашылығы өнімдерінің «Republic Day» атты жәрмеңкесі өтті.

Іс-шараға аудан әкімі Азизхан Исмаилов, аудан тұрғындары мен қонақтар қатысты. Шараның негізгі мақсаты – отандық өнімдерді насихаттау, жергілікті шаруаларға қолдау көрсету және халықты сапалы, қолжетімді азық-түлікпен қамтамасыз ету болды.

Жәрмеңкеде ауданның барлық ауыл округтерінен келген шаруашылықтар мен кәсіпкерлер өз өнімдерін нарық бағасынан төмен бағамен ұсынды. Сауда сөрелеріне ет, сүт, көкөніс, жеміс-жидек, бал, ұн және басқа да ауыл шаруашылығы тауарлары қойылды.

Айта кетейік, Республика күні қарсаңында Сауда және интеграция министрлігі мен жергілікті атқарушы органдардың қолдауымен еліміз бойынша «Republic Day» акциясы басталды. Оның аясында 24–27 қазан күндері Қазақстанның барлық өңірінде ірі жеңілдіктер апталығы ұйымдастырылуда.

Бұл акцияға 220-дан астам сауда және ойын-сауық орталықтары, супермаркеттер, сауда үйлері мен онлайн-маркетплейстер қатысуда. Тұрғындар тұрмыстық техника, электроника, киім-кешек, аяқ киім және үйге арналған тауарларды 10%-дан 70%-ға дейінгі жеңілдікпен сатып ала алады.

Мереке аясындағы мұндай игі бастамалар – ел азаматтарының әлеуметтік жағдайын жақсартуға және отандық өнім өндірушілердің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға бағытталған маңызды қадам болып отыр.