ТҮРКІСТАН: ШАРДАРАДА ӘЛЕУМЕТТІК САЛА ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІ ҚЫЗМЕТТІК ТҰРҒЫН ҮЙГЕ ИЕ БОЛДЫ

25 қазан – Республика күні және Шардара ауданының 60 жылдығы мерекесіне орай Ж.Қолдасов көшесінде орналасқан 6 қызметтік тұрғын үйдің кілттері салтанатты түрде табысталды. Бұл игі іс Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2022 жылғы 23 қыркүйектегі №736 қаулысы аясында жүзеге асып, әлеуметтік сала қызметкерлерін тұрғын үймен қамтуға бағытталды.

Салтанатты іс-шарада аудан әкімі Арман Қарсыбаев сөз сөйлеп, қызметтік пәтер иелерін қуаныштарымен құттықтап, жаңа баспаналарының кілттерін табыс етті.

Қызметтік үй иелерінің қатарында Алматы қаласынан ата-анасымен бірге келген Шолпан Әмірова бар. Ол – Шардара аудандық орталық ауруханасында еңбек ететін білікті онколог дәрігер. Сондай-ақ Арыс қаласынан келген Жансұлу Жұмаділла да қызметтік баспанаға ие болды. Ол 2018 жылдан бері жалпы тәжірибелік дәрігер ретінде жұмыс істеп келеді және бүгінде Шардара аудандық ауруханасында қызмет атқарып жүр.

Бұл бастама – шалғай өңірлердегі әлеуметтік сала мамандарын қолдау және өңірде кадр тапшылығын азайту бағытындағы маңызды қадамдардың бірі.