ОТЫРАРДА РУХТЫ ОЯТҚАН РЕСПУБЛИКАЛЫҚ АЙТЫС ӨТТІ

Отырар ауданының 90 жылдық торқалы тойы ақындық дәстүрдің жаңғыруымен айшықталды. Бұл күні аудан орталығында «Омартасы рухтың – Отырарым» атты республикалық ақындар айтысы өткізіліп, қазақ сөз өнерінің саңлақтары мен жас үміттері бір сахнада бас қосты. Шара әйгілі ақын, Парасат орденінің иегері Әселхан Қалыбекова мен белгілі сатирик, халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты Көпен Әмірбектің 75 жылдығына арналды.

Аламан айтысқа Түркістан облысы әкімдігі мен «Аманат» партиясы қолдау білдіріп, ұйымдастыру тізгінін Отырар ауданы әкімдігі ұстады. Айтыстың шымылдығын ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, айтыскер ақын Аманжол Әлтай жүргізді.

Мәдениет сарайының фойесінде суретші Әділхан Мәліктің тақырыптық көрмесі қойылып, Отырардың бай тарихы мен рухани мұрасын бейнелейтін туындылар көпшілік назарына ұсынылды. Сондай-ақ, өңірдің мәдени өмірінен сыр шертетін жәдігерлер де көрмеге қойылды.

Айтысқа еліміздің түкпір-түкпірінен келген әйгілі ақындар — Мақсат Аханов, Алтынгүл Қасымбекова, Бекарыс Шойбеков, Жансая Мусина, Өміржан Көпбосын, Аспанбек Шұғатай, Тұрар Тлеулиев, Мейірбек Сұлтанхан және отырарлық жас жүйріктер Дәурен Ақсақалов пен Ахметрасул Баянбай қатысты.

Сахна төрінде жыр додасы басталған сәттен-ақ айтыскерлер ел бірлігі, рухани жаңғыру, Отырардан шыққан ұлы тұлғалар мен ұлттық өнердің қадірі жайында өрнекті сөз өрбітті. Әселхан мен Көпен сынды дара дарындардың өмір жолы ақындар жырына арқау болды.

Көрермен қауым әр жұптың айтысын ерекше ықыласпен тыңдап, көтеріңкі көңілмен қошемет көрсетті. Әсіресе, жас ақындар мен тәжірибелі айтыскерлер арасындағы шығармашылық үндестік кештің әсерін арттыра түсті.

Айтыс қорытындысында қатысушыларға арнайы марапаттар мен қаржылай сыйлықтар табыс етілді. Бұл шара ел руханиятына дем беріп, ұлттық өнердің мәртебесін көтеруге бағытталған маңызды мәдени оқиға ретінде есте қалды.

Отырар жұрты мен келген қонақтар айтыс арқылы бабалардан қалған жыр дәстүрінің мәңгі жасайтынын тағы бір мәрте сезінді.