САРЫАҒАШ АУДАН ӘКІМІ ЖАҢА ТЕМІРЖОЛ ҚҰРЫЛЫСЫНЫҢ ЖҮРІСІН БАҚЫЛАДЫ

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2023 жылғы Жолдауында белгіленген экономикалық бағыттар аясында еліміздің көлік инфрақұрылымын дамытуға ерекше назар аударылуда. Осы мақсатта «Қазақстан Темір Жолы» ұлттық компаниясы бірнеше маңызды жобаны қолға алған. Солардың бірі – «Дарбаза – Өзбекстанмен мемлекеттік шекара» теміржол желісінің құрылысы.

Сарыағаш ауданының әкімі Арман Абдуллаев аталған жобаның аудан аумағындағы құрылыс барысын бақылап, жұмысшылармен және мердігер ұйым өкілдерімен кездесті. Әкім құрылыс сапасын қадағалау, мерзімдерді сақтау және әлеуметтік мәселелерді шешу бойынша нақты тапсырмалар жүктеді.

Жалпы ұзындығы 153,2 шақырым болатын жаңа теміржол желісінің 24,86 шақырымы Сарыағаш ауданынан өтеді. Қазір бұл аймақта құрылыс-монтаж жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Бөліктің 82 пайызына жер төсемі төселіп, жалпы жұмыстардың 68 пайызы аяқталған. Сонымен қатар, жол бойында электр желісінің бағаналары орнатылып, су, газ және байланыс инфрақұрылымын қайта құру толығымен тәмамдалған.

Жоба аясында 26 инженерлік нысан тұрғызылуда: оның 15-і су өткізу құбырлары, ал 11-і көпірлер. Барлық жұмыстар бекітілген жоспарға сай жүргізілуде.

Бұл құрылыс – тек көлік саласына емес, жалпы өңір экономикасына серпін беретін стратегиялық бастама. Жаңа теміржол іске қосылған соң өңірлер арасындағы тасымал жеңілдеп, халықаралық сауда мен логистика бағыттары кеңеймек. Сонымен қатар, жоба жергілікті халықты жұмыспен қамтып, тұрғындардың әлеуметтік жағдайына оң ықпал етеді.

Сарыағаш ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлағандай, жаңа теміржол желісінің толық аяқталуы Қазақстанның көлік жүйесін жаңғыртуға, аймақтардың өзара байланысын күшейтуге және ел экономикасының тұрақты дамуына жаңа мүмкіндік ашады.