САРЫАҒАШТА “ЛАЙЫҚТЫ ҰРПАҚ ТӘРБИЕЛЕЙІК” АТТЫ ФУТБОЛ ТУРНИРІ ӨТТІ

Республика күні мерекесіне орай Сарыағаш қаласындағы «Дене шынықтыру-сауықтыру спорт кешенінде» мемлекеттік қызметкерлер арасында «Лайықты ұрпақ тәрбиелейік» атты кіші футболдан аудандық жарыс ұйымдастырылды. Спорттық дода салауатты өмір салтын насихаттау және ұжымдық ынтымақты арттыру мақсатында өтті.
Жарысқа Сарыағаш ауданына қарасты 11 ауылдық округтің командалары қатысып, өзара тартысты әрі әсерлі ойын көрсетті. Әр команда жеңіс үшін бар күшін салып, көрерменге әдемі спорттық көрініс сыйлады.
Турнир қорытындысы бойынша бірінші орынды «Сарыағаш ауданы әкімі аппаратының» командасы иеленсе, екінші орын «Дербісек ауылдық округі әкімі аппаратына» бұйырды. Ал үшінші орынды «Жартытөбе ауылдық округі әкімі аппаратының» командасы жеңіп алды. Үздік ойыншылар мен жүлдегер ұжымдарға арнайы медальдар мен дипломдар табыс етілді.
Шара соңында ауданның мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Әділ Ташпулатов қатысушыларға белсенділігі мен ұйымшылдығы үшін алғыс айтып, спорттың қоғамдағы орны мен жас ұрпақ тәрбиесіндегі маңызын ерекше атап өтті.
«Бұқаралық спорт – ел денсаулығы мен болашағының кепілі. Мемлекеттік қызметкерлердің спортқа белсенді араласуы жастарға үлгі болып, салауатты өмір салтын қалыптастыруға ықпал етеді», – деді ол өз сөзінде.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай жарыстар алдағы уақытта да жалғасын табады. Себебі, спорт тек денені шынықтырып қана қоймай, бірлік пен серіктестікті нығайтады, ортақ мақсатқа жетуге жігерлендіреді.
Бұл жолғы турнир ел мерекесіне лайықты сый болып, қатысушылардың достығы мен ынтымағын арттыра түсті.





