ТҮРКІСТАН: САУРАНДЫҚ ДЕЛЕГАЦИЯ ҚЫТАЙДАҒЫ САУАН ҚАЛАСЫНЫҢ ӨНДІРІСТІК НЫСАНДАРЫМЕН ТАНЫСТЫ

 

Қытай Халық Республикасының Сауан қаласында Түркістан облысы Сауран ауданы делегациясының қатысуымен екіжақты кездесу және өндірістік кәсіпорындарға танысу сапары өтті. Бұл іс-шараның негізгі мақсаты – өндіріс, ауыл шаруашылығы және өңдеу өнеркәсібі салаларындағы ынтымақтастықты кеңейту, тәжірибе алмасу және екі өңір арасындағы экономикалық, мәдени байланыстарды нығайту. Іс-шара Түркістан облысы әкімінің тапсырмасына сәйкес ұйымдастырылды.

Сапар барысында делегация Сауан қаласындағы ірі өнеркәсіп ошақтарында болды. Алдымен ауыл шаруашылығына арналған заманауи техникалар шығаратын «Шыңжан Хұң Хы» компаниясына барып, құрастыру мен автоматтандыру үдерісімен танысты. Кейін «Шыңжан Шин Жиа Хы» ауыл шаруашылығын дамыту компаниясында агротехникалық инновациялар мен өнім өндірудің тиімді тәсілдері талқыланды.

Сондай-ақ делегация «Шыңжан Тиян Му Ху» кілем фабрикасына барып, өндіріс желісін, ұлттық өрнекті бұйымдарды дайындау және экспорттау процесін көрді. «Шыңжан Шиң Тай Чиан Уи» ғылыми-техникалық компаниясында ғылыми жаңалықтар мен жоғары технологиялық жобалар ұсынылды. Мұнда инновацияларды ауыл шаруашылығы мен өндіріс саласына енгізу тәжірибесі көрсетілді.

Келесі нысан – «Сауан Тай Хун» май өңдеу кәсіпорны. Делегация май өнімдерін өндіру, сапаны бақылау және экспорт бағытындағы жұмыстармен танысты. Сондай-ақ «Сауан Гай Руй» сүт өңдеу зауытында сүт өнімдерін өңдеу мен қаптау технологиялары көрсетілді.

Мал шаруашылығын ғылыми тұрғыда дамыту бағытында жұмыс істейтін «Сауан Шың Зы» ғылыми орталығында делегация асыл тұқымды мал өсіру мен генетикалық зерттеулер жүргізу тәсілдерін зерделеді. Бұдан бөлек, Анжихай ауылындағы қызыл бұрыш қоймалжыңын шығаратын зауытта жергілікті шикізатты тиімді пайдалану және экспорттық өнім өндірісінің үлгісі таныстырылды. Дачуан ауылындағы «Шау Фаң Жуанзы» ауыл шаруашылығы кооперативінде аграрлық өнімдерді бірігіп өндіру мен өткізу тәжірибесі көрсетілді.

Сапар қорытындысында Сауран ауданының әкімі Мақсат Таңғатаров екіжақты әріптестік екі өңірдің де дамуына серпін беретінін атап өтті. Жақын уақытта Сауран ауданы мен Сауан қаласы арасында экономикалық, мәдени және инвестициялық байланыстарды жаңа деңгейге көтеретін нақты келісімдерге қол жеткізу жоспарлануда.