TURKISTAN MARATHON – 2025: 3 МЫҢНАН АСА СПОРТШЫ БАҚ СЫНАСТЫ

Түркістан қаласында дәстүрлі Turkistan Marathon – 2025 өтті. Биылғы жарысқа 3 000-нан астам кәсіби және әуесқой спортшы қатысып, қала көшелерімен жүгіріп өтті. Марафон шетелдік қатысушылар саны бойынша рекорд жаңартты — 365 спортшы әлемнің түкпір-түкпірінен келіп қатысты.
Ашылу салтанатында қала әкімі Әзімбек Пазылбекұлы қатысушыларды құттықтап, бұқаралық спортты дамытудағы шараның маңызын атап өтті.
«Бұл – тек тәннің емес, рухтың да сынағы. Марафон салауатты өмір мен бірліктің мерекесіне айналды», – деді ол.
Қатысушылар 42,2 км, 21,1 км, 10 км, скандинавиялық жүріс және 3 км балалар қашықтығы бойынша жарысты. Жарыс нәтижелері World Athletics пен AIMS ұйымдары арқылы халықаралық деңгейде мойындалды.
Биылғы марафон үш жаңа рекордпен есте қалды:
– 42,2 км-де Андрей Петров – 2:16:58,
– әйелдер арасында Екатерина Тунгускова – 2:40:45,
– 10 км-де Алишер Ахматалиев – 30:31.
Жарысқа Қазақстан қалаларынан келген қатысушылармен бірге Қырғызстан, Өзбекстан, Ресей және өзге де елдерден спортшылар қатысты. Ең жасы үлкен қатысушы – 91 жастағы Салиха Зигангерова.
Биыл Turkistan Marathon алғаш рет Turkic Alliance of Long Runs (TAN) құрамына енді. Бұл – түркі мемлекеттерінің марафондық альянсы. TAN құрамындағы 35 спортшы Түркістандағы кезеңге қатысып, түркі әлемі марафон сериясын жалғастырды.
Жеңімпаздарды марапаттау рәсімінде қала әкімі Әзімбек Пазылбекұлы барлық қатысушыларға алғыс білдіріп, салауатты өмір салтын насихаттауға қосқан үлестерін атап өтті.





