САРЫАҒАШТЫҚ ЖАСТАР РЕСПУБЛИКАЛЫҚ «ЭРУДИТ» САЙЫСЫНДА ТОП ЖАРДЫ

Сайрам ауданында өткен республикалық «Эрудит» интеллектуалды сайысында Сарыағаш ауданының жастар командасы өз білімін жоғары деңгейде дәлелдеп, I орынды жеңіп алды. Озық ойлы жастарға ұйымдастырушылар тарапынан 500 000 теңге көлемінде қаржылай сыйлық табыс етілді.
Биылғы додаға Түркістан облысының барлық аудан, қалаларынан, сондай-ақ Тараз және Шымкент қалаларынан келген 17 команда қатысты. Қатысушылар тарих, әдебиет, спорт, ұлттық салт-дәстүр мен логикалық тапсырмалар бағыттарында өзара білім сайысына түсті. Әр команда бес кезеңнен тұратын зияткерлік бәсекеде жоғары ұпай жинау үшін бар күш-жігерін жұмсап, тапқырлығымен, жылдам ойлау қабілетімен ерекшеленді.
Сарыағаштық жастардың бұл жетістігі – ауданның білім мен мәдениет саласындағы белсенділігінің айқын көрінісі. Олар тек өз білімдерін ғана емес, бірлік пен командалық рухты да көрсете білді.
Мамандардың айтуынша, мұндай интеллектуалды жобалар жастардың таным көкжиегін кеңейтіп, логикалық және шығармашылық қабілеттерін дамытуға жол ашады. Сонымен қатар, мұндай іс-шаралар ұлтжанды, бәсекеге қабілетті және ойлы жастардың қалыптасуына ықпал етеді.
Жеңімпаз команда мүшелері алдағы уақытта да өз білімдері мен дарынын республикалық және халықаралық деңгейдегі жобаларда сынап көруге ниетті.





