ТҮЛКІБАС АУДАНЫНДА ШАҒЫН ӨНЕРКӘСІП АЙМАҚТАРЫНЫҢ ҚҰРЫЛЫСЫ ҚЫЗУ ЖҮРУДЕ

Түлкібас ауданында кәсіпкерлікті дамыту және жаңа жұмыс орындарын ашу мақсатындағы жобалар нақты іске асырылуда. Соның айғағы – соңғы айларда Балықты және Машат ауылдық округтерінде бастау алған шағын өнеркәсіп аймақтарының құрылысы. Бүгінде екі ауылда да жер телімдері толық дайындалып, нысандардың іргетасы қаланып, қабырғалары көтерілуде.
Аудан әкімі Асқар Естібаев пен аудандық мәслихат төрағасы Серғали Сәрсенбаев жауапты бөлім басшыларымен бірге құрылыс алаңдарын аралап, жұмыстардың барысын тексерді. Әкім кәсіпкерлермен кездесіп, атқарылып жатқан істердің сапасына назар аударып, нақты тапсырмалар берді.
Балықты ауылдық округінде 10 гектар аумаққа 10 мал бордақылау алаңының құрылысы жүргізілуде. Қазіргі таңда іргетасы құйылып, қабырғалары қаланып жатыр. Аудан басшысы жауаптыларға нысанды инженерлік инфрақұрылыммен қамтамасыз ету бойынша тапсырма беріп, электр желісіне трансформатор орнату және су жеткізу жұмыстарын жеделдетуді міндеттеді. Сондай-ақ, құрылыс алаңына апаратын жолдарға қиыршық тас төсеуді тапсырды.
Ал Машат ауылдық округінде 8 гектар жерге мал бордақылау және сою бекеті салынуда. Мұнда тәулігіне 200 басқа дейін қызмет көрсететін заманауи мал сою пункті бой көтермек. Сонымен қатар, етті сақтау мен өңдеуге арналған тоңазытқыштар мен жабдықтар орнату жоспарланған.
Аудан әкімінің айтуынша, бұл жобалар тек өндіріс көлемін арттырып қана қоймай, жергілікті кәсіпкерлердің белсенділігін арттыруға, ауыл тұрғындарын тұрақты жұмыспен қамтуға және өңір экономикасын көтеруге зор үлес қосады.
Жаңа өнеркәсіп аймақтары іске қосылған соң, ондаған адам жұмыспен қамтылып, ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу ісі жаңа деңгейге көтерілмек. Бұл – Түлкібас ауданында шағын және орта бизнесті қолдаудың нақты нәтижесін көрсететін маңызды жоба болып отыр.





