ТҮЛКІБАС АУДАНЫНДА «ДӘНЕК» ҚАЙЫРЫМДЫЛЫҚ ҚОРЫ СПОРТ МЕРЕКЕСІН ҰЙЫМДАСТЫРДЫ

 

Түлкібас ауданында салауатты өмір салтын дәріптеу мақсатында «Дәнек» қайырымдылық қорының бастамасымен кіші футболдан аудандық турнир өтті. Бұл игі шара жастардың спортқа қызығушылығын арттыру мен қоғамда белсенді өмір салтын насихаттауға бағытталды.

Жарыс «Алғабас Арена» мен «Байқадам» спорт кешендерінде өтіп, ауданның әр өңірінен жиналған 30-ға жуық команда қатысып, өзара мықтылықтарын сынады. Турнир ережесіне сәйкес, +18 және +30 жас санаттары бойынша ойындар өткізілді. Жас буын Байқадам алаңында бақ сынаса, тәжірибелі аяқдопшылар Алғабас аренасында өз шеберліктерін көрсетті.

Финалда ардагерлер мен Тұрар Рысқұлов ауылының жастар командасы кездесіп, негізгі уақытта тең нәтиже тіркелді. Пенальти сериясында жастар командасы басым түсіп, жеңімпаз атанды. Соған қарамастан, «Ардагерлер» құрамасының ұйымшылдығы мен табандылығы көрермен ықыласына бөленді.

Жарыс қорытындысы бойынша: – І орын – Тұрар Рысқұлов (+18) командасы;
– ІІ орын – Ардагерлер;
– ІІІ орын – Т.Рысқұлов-2 (+18) құрамаcы;
– IV орын – Майлыкент (+30) командасы.

Үздік ойыншылар мен жүлдегерлер ұйымдастырушылар тарапынан ақшалай сыйлықтармен, кубоктар және дипломдармен марапатталды.

«Дәнек» қорының мұндай бастамалары аудан жастарының спортқа деген қызығушылығын арттырып, ауызбіршілікті нығайта түсті. Түлкібас өңірінде спорт пен қайырымдылықтың осылай қатар өрбуі – елдік рухтың айғағы.