Б.Момышұлы МЕКТЕБІНІҢ ОҚУШЫЛАРЫ ӨРТ СӨНДІРУ ҚЫЗМЕТІМЕН ТАНЫСТЫ

Түлкібас ауданындағы Б.Момышұлы атындағы жалпы білім беретін мектепте кәсіби бағдар беру жұмыстары жүйелі түрде жүргізіліп келеді. Соның аясында 11 «А» сынып оқушылары №36 өрт сөндіру бөліміне танымдық сапар жасап, төтенше жағдайлар қызметінің жұмысымен етене танысты.
Сапардың басты мақсаты – оқушыларды мамандық таңдауға бағыттау, ел қауіпсіздігін қамтамасыз ететін қызметтің жауапкершілігі мен маңызын түсіндіру болды. Өрт сөндіру бөлімінде олар құтқарушылардың күнделікті жұмысына куә болып, техникалық құрал-жабдықтармен танысты. Арнайы көліктердің құрылымы мен өрт сөндіру техникасының қызметі оқушылардың ерекше қызығушылығын тудырды.
Іс-шара барысында балалар кәсіби форма киіп, өздерін нағыз өрт сөндіруші ретінде сезініп, қысқа уақытта батылдық пен ептілік сынағынан өтті. Құтқарушылар олармен ашық әңгіме жүргізіп, төтенше жағдай кезінде қалай әрекет ету керектігі жөнінде пайдалы кеңестер берді.
Оқушылар бұл сапардан зор әсер алып, адам өмірін құтқару ісінің қаншалықты маңызды әрі абыройлы екенін терең түсінді. Осындай кездесулер жас ұрпақтың кәсіби бағдарын нақтылауға, қоғам алдындағы жауапкершілікті сезінуге және өз болашағын сеніммен жоспарлауға мүмкіндік береді.
Кәсіптік бағдар беру педагогы – Утарбаева Ақмарал
Қосымша білім беру педагогы – Аяғанова Сандуғаш





