ТҮЛКІБАСТА СӘКИЕВ ЖАҚСЫБЕКТІ ЕСКЕ АЛУҒА АРНАЛҒАН ФУТБОЛ БІРІНШІЛІГІ ӨТТІ

Түлкібас ауданында 2025 жылдың 23–25 қазан күндері Майтөбе ауылындағы спорт стадионында 2012–2013 жылы туған жасөспірімдер арасында үлкен футболдан ашық аудан біріншілігі ұйымдастырылды. Бұл турнир марқұм Сәкиев Жақсыбек Құлмұратұлының есімін ұлықтауға арналған дәстүрлі спорттық шара ретінде өткізілді.
Жарыстың басты мақсаты – салауатты өмір салтын дәріптеу, ауыл жастары арасында бұқаралық спортты дамыту және жасөспірімдердің спорттық шеберлігін арттыру. Сонымен қатар, ауылдағы спорт инфрақұрылымын тиімді пайдалану мен жастардың бос уақытын мазмұнды өткізуге жағдай жасау да назардан тыс қалған жоқ.
Үш күнге созылған додаға аудан мен көршілес өңірлерден келген сегіз команда қатысты. Әр ойын тартысты өтіп, қатысушылар өздерінің техникалық шеберліктерін және командалық ұйымшылдығын көрсетті. Финалдық кезеңде Түлкібас ауданының №4 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің командасы жеңімпаз атанып, турнирдің басты кубогын иеленді. Екінші орынды Сарыағаш ауданының жас футболшылары, ал үшінші орынды Қазығұрт ауданының командасы қанжығасына байлады.
Жарыс қорытындысында үздік ойыншылар арнайы аталып, демеушілердің қолдауымен медальдар мен бағалы сыйлықтар табыс етілді. Ұйымдастырушылар бұл біріншілік жыл сайын дәстүрлі түрде өткізіліп, жас спортшылардың шыңдалуына жол ашатынын атап өтті.
Жерлестерімізді жеңісімен құттықтаймыз! Мұндай жарыстар – аудан жастарының ынтасын арттырып, спорттың дамуына серпін беретін маңызды бастама.





