ОТЫРАРДА ТҰРҒЫНДАРҒА ҚҰҚЫҚТЫҚ КӨМЕК КӨРСЕТІЛДІ

Отырар ауданында азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттыру және олардың әлеуметтік мәселелерін шешуге бағытталған «Құқықтық дәріхана» акциясы өтті. Бұл шара «Қоғамда заң мен тәртіп идеологиясын ілгерілету жөніндегі 2025–2030 жылдарға арналған тұжырымдама» аясында ұйымдастырылып, оған жергілікті атқарушы органдар мен құқық қорғау құрылымдарының өкілдері қатысты.
Іс-шара «Отбасын қолдау орталығы» КММ ғимаратында Отырар ауданы прокуратурасының бастамасымен өтті. Акцияның басты мақсаты – тұрғындарға мемлекет тарапынан көрсетілетін құқықтық қызметтер мен қолдауларды түсіндіру, азаматтардың құқықтық сауатын арттыру және өзекті мәселелерін шешуге мүмкіндік беру.
Кездесу кезінде аудан тұрғындары әлеуметтік көмек, жер қатынастары, кәсіпкерлікті дамыту, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және салық саласы бойынша сұрақтар қойып, сала мамандарынан толыққанды жауаптар алды. Әр азаматқа заң шеңберінде жеке кеңес беріліп, кейбір өтініштер бойынша нақты шешім қабылдау үшін жауапты органдарға тапсырмалар жүктелді.
Мобильді топ мүшелері халықтың құқықтары мен міндеттері туралы жан-жақты ақпарат беріп, проблемалық жағдайларды жедел қарау тетіктерін түсіндірді. Мұндай шаралар тұрғындардың құқықтық мәдениетін арттырумен қатар, билік пен қоғам арасындағы сенімді нығайтуға бағытталған.





