ҚАЗЫҒҰРТТА ҚҰТТЫБЕК ЖҰМАШЕВ ТУРАЛЫ ЖАҢА КІТАПТЫҢ ТҰСАУКЕСЕРІ ӨТТІ

Қазығұрт ауданында мемлекеттік қызмет саласының ардагері, ауданның “Құрметті азаматы” Құттыбек Жұмашевқа арналған “Рухы биік, мәртебесі жоғары азамат” атты кітаптың таныстырылымы өтті.
Іс-шараға аудан әкімінің орынбасары Мұхамедғали Әшірбаев, мәслихат төрағасы Тайбек Қалымбетов, “Ардагерлер кеңесінің” төрағасы Аманбай Омаров, зиялы қауым өкілдері мен мәдениет және білім саласының қызметкерлері қатысты.
Жиында аудан әкімінің орынбасары Мұхамедғали Әшірбаев сөз сөйлеп, еңбектің қоғам үшін маңызын атап өтті. Ол Құттыбек Жұмашевтың ұзақ жылдар бойы мемлекеттік қызмет саласында атқарған адал еңбегін жоғары бағалап, жаңа кітаптың жарық көруі – елдің рухани өміріндегі елеулі оқиға екенін айтты.
“Мемлекеттік қызмет – адалдық пен жауапкершілікті талап ететін сала. Құттыбек ағамыз осы қасиеттердің барлығын бойына дарытып, көпке өнеге болған тұлға. Бұл кітап – сол еңбектің шежіресі мен адамдық биігінің айғағы”, – деді ол.
Жинақта Құттыбек Жұмашевтың өмір жолы, елге сіңірген еңбегі, азаматтық ұстанымы және әріптестері мен замандастарының естеліктері кеңінен қамтылған. Туынды ел игілігіне қызмет еткен азаматтың тұлғалық болмысын, еңбекке деген адалдығы мен елге деген сүйіспеншілігін дәріптеуді мақсат тұтады.
Салтанатты жиын соңында қатысушылар ардагердің ел дамуына қосқан үлесі мен адами қасиеттері туралы жылы естеліктерімен бөлісті.





