ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА АЗАМАТТАРДЫҢ ӨТІНІШТЕРІ ТІКЕЛЕЙ ТЫҢДАЛДЫ

 

Түркістан облысы әкімі аппаратының басшысы Еркебұлан Дауылбаев облыс тұрғындарымен жеке қабылдау өткізіп, олардың өзекті мәселелерін талқылады. Кездесуде тұрғындар еңбек даулары, жұмыспен қамту, ауыз су, жарықтандыру және инфрақұрылымды жақсарту сияқты әлеуметтік маңызы бар тақырыптар бойынша өтініштерін білдірді.

Әрбір азаматтың өтініші жеке қаралып, тиісті басқарма және бөлім басшыларына нақты тапсырмалар жүктелді. Бірқатар мәселелер сол сәтте шешімін тапса, қосымша зерделеуді қажет ететін өтініштер бақылауға алынды.

Еркебұлан Дауылбаевтың айтуынша, тұрғындардың пікірін тыңдап, олардың қажеттіліктерін ескеру — мемлекеттік қызметтің басты міндеттерінің бірі. «Халықпен ашық диалог орнату арқылы ғана нақты нәтижеге жетуге болады. Әр өтініш назардан тыс қалмайды, себебі тұрғындардың тұрмыс сапасын жақсарту – біздің ортақ мақсатымыз», – деді ол.

Қабылдау барысында азаматтар өз ұсыныстарын еркін жеткізіп, шешімін қажет ететін мәселелер бойынша түсініктемелер алды. Кездесу қорытындысы бойынша облыс әкімдігі тарапынан барлық тапсырмалардың орындалуы тұрақты бақылауға алынатыны айтылды.

Түркістан облысының әкімдігі алдағы уақытта да азаматтарды қабылдау және өтініштерді қарау жұмысын жүйелі түрде жалғастырмақ. Тұрғындар жеке қабылдауға egov.kz порталы, е-otinish бірыңғай платформасы немесе «Ашық әкімдік» кеңсесі арқылы жазыла алады.