ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА ӘКІМ ОРЫНБАСАРЫ АЗАМАТТАРМЕН КЕЗЕКТІ КЕЗДЕСУ ӨТКІЗДІ

Түркістан облысында тұрғындарды жеке қабылдау дәстүрлі түрде жалғасуда. Бүгін облыс әкімінің орынбасары Нұрбол Тұрашбеков азаматтардың жеке өтініштері мен талаптарын тыңдап, әрқайсысына жеке тоқталды.

Қабылдауға келгендер негізінен жерге қатысты құжаттандыру, меншік құқықтарын рәсімдеу, сондай-ақ несие төлемдері бойынша туындаған мәселелерін айтты.

Мақтаарал ауданынан онлайн байланысқа шыққан тұрғын өз жер телімінің кадастр базасында көрсетілмей тұрғанын айтып, көмек сұрады. Ал келесі қатысушы үй іргесіндегі жерге қатысты сұрағын жолдады. Кентау қаласының тұрғыны бау-бақшалық жер телімін заңдастыруға жәрдемдесуді өтінсе, Түркістан қаласынан келген азамат несие қарызын қайта қарау туралы өтініш білдірді.

Әкім орынбасары әрбір мәселенің мән-жайын анықтап, тиісті түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Жерді заңдастыру мен құжат рәсімдеу бойынша азаматтарға құқықтық кеңес берілді. Сонымен қатар Нұрбол Тұрашбеков кейбір өтініштердің тек сот тәртібімен шешілетінін атап өтті.

Ол жергілікті билік органдары заң шеңберінде әр азаматтың мәселесін қарауға және барынша қолдау көрсетуге дайын екенін жеткізді.

Түркістан облысы әкімдігінде азаматтарды қабылдау шаралары алдағы уақытта да жүйелі түрде жалғасады.