Сайрамда «Жер аманаты» комиссиясының көшпелі отырысы өтті

 

«AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалы жанындағы аймақтық «Жер аманаты» комиссиясының кезекті көшпелі отырысы Сайрам ауданында ұйымдастырылды. Жиынның негізгі тақырыбы – жер қатынастары саласындағы Мемлекет басшысының Жолдауында белгіленген тапсырмалардың орындалуы, мемлекет меншігіне қайтарылған жерлердің жай-күйі және заңсыз бөлінген учаскелерге қатысты мәселелерді қарастыру болды.

Отырысты облыстық филиал төрағасы, мәслихаттағы партиялық фракция жетекшісі Алтынсары Үмбетәлиев жүргізді. Іс-шараға аудан әкімі Мадияр Оразалиев, облыстық прокуратура өкілдері, партия атқарушы хатшысы Полат Тұрсынбаев, мәслихат депутаттары, комиссия мүшелері және аудандық жер қатынастары бөлімінің басшысы Амангелді Жүнісбеков қатысты.

Алтынсары Үмбетәлиев жиынды ашып, облыстағы жер қатынастарына қатысты атқарылған жұмыстарға шолу жасады. 2022–2025 жылдары облыс бойынша 1,5 миллион гектардан астам жер мемлекет меншігіне қайтарылды, биылғы жоспар 120 пайызға орындалды. «Мемлекет басшысы Жолдауында: “Жер – стратегиялық ресурс, оның игілігі елді дамытып, халықтың тұрмысын жақсартуға арналуы керек” – деген тапсырма берді. Алайда тексерулер Сайрам ауданында бірқатар заң бұзушылықтарды анықтады», – деді ол.

Прокуратура өкілдері тексеру нәтижелерін баяндап, ауыл шаруашылығымен айналыспайтын тұлғаларға жер беру және комиссия шешімдерінің өзгертілуі сияқты кемшіліктерді атап өтті. Бұған Қарабұлақ және Манкент ауыл округтері мысал болды.

Аудандық жер қатынастары бөлімінің басшысы Амангелді Жүнісбеков Сайрамдағы жерді мемлекет меншігіне қайтару және қайта бөлу жұмыстарын түсіндірді. Ауданда 114 761 гектар жер бар, оның 20 405 гектары жайылым жер. 2022–2025 жылдары жеке және заңды тұлғалардан 9 971 гектар жер мемлекет қажеттілігі үшін алынған, оның 801 гектары мемлекет меншігіне қайтарылып, 6 234 гектар жер ортақ пайдалануға берілген. 210 гектар жерге қатысты іс сотта қаралуда. Әр ауылдық округте ортақ жайылымдарға мемлекеттік актілер рәсімделген.

Жиында заңсыздыққа жол берген ауыл әкімдері тыңдалып, комиссия мүшелері тарапынан талқыланды. Аудан әкімі Мадияр Оразалиев прокуратура анықтаған кемшіліктер бойынша қосымша шаралар қабылданатынын, комиссия құрамын қайта қарап, шешім шығаруды уақытша тоқтата тұратынын айтты.

Қорытындысында Алтынсары Үмбетәлиев барлық қатысушыларға алғыс білдіріп, жер қатынастары саласындағы тәртіпті күшейту, қоғамға ашық түсіндіру жұмыстарын жалғастыру қажет екенін атап өтті. Партия облыс прокуратурасы мен құқық қорғау органдарымен бірлесе отырып, заң бұзушылықтарды алдын алу үшін семинар-кеңестер өткізуді жоспарлап отыр.

Барлық жұмыстар «AMANAT» партиясының қатаң бақылауында болады.