Қызмет сапасы мен жауапкершілік – партия бақылауында

 

«AMANAT» партиясының Жетісай аудандық филиалының партиялық бақылау комиссиясы аудан аумағындағы бірқатар әлеуметтік нысандарға мониторинг жүргізді. Іс-шараға комиссия төрағасының орынбасары Нүркен Мұсаев, мүшелері Бақытжан Садуақасов, Полат Санабаев, Қалдыбек Князбеков және филиал бөлім басшысы Төлебек Тауов қатысты.

Мониторинг барысында комиссия өкілдері мекеме басшыларымен және қызмет алушылармен кездесіп, өзекті мәселелер мен ұсыныстарды талқылады. Көбірек назар аударылған жайттар – қызмет көрсету сапасы, құжат айналымы, материалдық-техникалық жағдай. Кейбір ғимараттар ескі, жарық шамдары істен шыққан, әжетханалар санитарлық талапқа сай емес, жылыту жүйесі дұрыс жұмыс істемейді, қатты отын жеткіліксіз, мектеп сыныптары суық, балаларға таза ауыз су беру мәселесі толық шешілмеген.

Анықталған кемшіліктер бойынша нақты ұсыныстар беріліп, мекемелердің қызмет сапасын арттыру, ғимараттардың санитарлық және техникалық жағдайын жақсарту бағытында шаралар қабылданатын болды.

Комиссия төрағасының орынбасары Нүркен Мұсаев партияның басты мақсаты – халықтың тұрмыс сапасын арттыру екенін атап өтті. «Біз тек сын айту үшін емес, шешім ұсыну және нақты нәтиже алу үшін жұмыс істейміз. Әрбір білім беру, денсаулық сақтау және оңалту орталығы – адамның тағдырымен, балалардың болашағымен байланысты орындар. Сондықтан мұнда ұсақ мәселе болмайды. Таза ауыз су, жылы сынып, қауіпсіз орта – бұл баланың толыққанды дамуының кепілі», – деді ол.

Барлық анықталған кемшіліктер партиялық бақылау аясында, тиісті мемлекеттік органдармен бірлесе отырып шешілетін болады. Жетісайдағы әлеуметтік, медициналық және білім беру нысандарында жүргізілетін жұмыстар жүйелі түрде жалғасып, тұрғындардың өмір сүру деңгейін көтеруге бағытталады.