Шардарада барлық сала бойынша тұрғындардың мәселелері тыңдалды

Түркістан облысындағы шалғай елді мекендер тұрғындарына құқықтық және әлеуметтік қолдау көрсету мақсатында «AMANAT» партиясы кезекті мобильді көшпелі қоғамдық қабылдауын Шардара ауданында өткізді. Іс-шара партияның «Құқықтық көмек» жобасы аясында ұйымдастырылып, тұрғындармен ашық диалог орнатуға бағытталды. Көшпелі қабылдау алдымен Жаушықұм ауылдық мәдениет үйінде, кейін Шардара қаласындағы аудандық мәдениет үйінде өтті.
Қоғамдық қабылдауға облыстық филиал атқарушы хатшысының орынбасары Полат Тұрсынбаев, Шардара ауданы әкімінің орынбасары Бейсенбай Төребеков, облыстық мәслихат депутаты Бақытжан Серманизов және партияның аудандық филиалының төрағасы Ережеп Бекет қатысты. Сонымен қатар, қабылдауға облыстық және аудандық мәслихат депутаттары, прокуратура, департамент және басқарма қызметкерлері, жеке сот орындаушылар, заңгерлер мен адвокаттар, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері қатысты.
Әрбір өтініш жеке тыңдалып, тиісті мемлекеттік органдарға бағытталды. Полат Тұрсынбаев партияның шалғай елді мекендерге де тұрақты түрде жетуге тырысатынын, тұрғындар мәселесін өз ауылында шешу мүмкіндігіне ие болатынын атап өтті: «Біздің басты мақсат – халықтың мұңын есту, мәселесін шешу. Әрбір өтініш назарда болады, ешбір сұрақ жауапсыз қалмайды», – деді ол.
Көшпелі қабылдау кезінде тұрғындар тарапынан әртүрлі мәселелер көтерілді. Жаушықұм ауылынан келген Мүслім Жолдыбаев ауылды ағын сумен қамтамасыз етуге арналған канал құрылысының тоқтап қалғанын айтып, мәселе Қазсушар РМК-не жолданып, жұмыстардың қайта жандандыруы бақылауға алынды. Ал Раушан Сахова ауызсудың тапшылығы мен су насосының істен шығуы жайлы шағымын жеткізді. Тиісті сала өкілдері бұл мәселелердің алдағы сессияда қаралатынын және қысқа мерзімде шешілетінін хабарлады.
Шардара қаласының тұрғындары интернет желісінің әлсіздігі, байланыс сапасының төмендігі, жайылым жер мәселесі, жануарларды жою, балалар алаңшасы мен тұрғын үйге қатысты түйткілдерді де жеткізді. Басқарма мен департамент өкілдері әрбір мәселе бойынша нақты түсініктеме беріп, күрделі мәселелер жеке бақылауға алынды. Сонымен қатар, тұрғындарға заңгерлік, әлеуметтік және құқықтық кеңес берілді. Бұдан былай азаматтар облыс орталығына бармай-ақ өз ауылында тиісті жауап алып, мәселені шеше алады.
Шардарадағы көшпелі қабылдау партия мен халық арасындағы байланысты нығайтып, жергілікті деңгейде нақты нәтижелерге қол жеткізуге мүмкіндік беріп отыр. «AMANAT» партиясы тұрғындардың тұрмыс сапасын жақсартуға, құқықтық мәдениетті арттыруға және әлеуметтік әділдік орнатуға бағытталған бастамаларын жалғастыра бермек.





