Мақтаарал ауданында «Amanat» партиясының бастауымен «Таза бейсенбі» экологиялық акциясы өтті

Түркістан облысының Мақтаарал ауданында экологиялық мәдениетті қалыптастыру және өңірді таза ұстау мақсатында «Таза Қазақстан» жалпыұлттық акциясы аясында «AMANAT» партиясының бастамасымен «Таза бейсенбі» экологиялық науқаны ұйымдастырылды. Ауқымды тазалық шарасына аудан әкімінің орынбасары Бижан Анарбеков, аудандық мәслихат депутаттары, партия өкілдері, ауылдық округ қызметкерлері, жастар ұйымдары, еріктілер және жергілікті тұрғындар белсене қатысты.
Науқан аясында А-15 республикалық маңызы бар автожол бойындағы 20 шақырым аумақ күл-қоқыстан тазартылды. Тұрмыстық қалдықтар мен пластик арнайы техникалардың көмегімен шығарылып, 5 тоннаға жуық қоқыс полигондарға жеткізілді. Тазалық жұмыстарына 18 ауыр техника жұмылдырылды.
Сонымен қатар, экологиялық мәдениетті қалыптастыру және жасыл аймақты кеңейту мақсатында 500-ден астам декоративті арша көшеті отырғызылды. Көшелер мен саябақтардың көркі жаңарып, тұрғындар тазалық пен тәртіпті сақтау мәдениетіне үн қосты.
Аудан әкімінің орынбасары Бижан Анарбеков іс-шараны қоғамның экологиялық сана-сезімін арттыруға бағытталған маңызды бастама ретінде атап өтті: «Тазалық – мәдениеттіліктің айнасы. Әр тұрғын өз ауласынан, өз көшесінен бастап тазалыққа үлес қосса, өңіріміздің экологиялық ахуалы жақсарады. Біз бұл жұмысты бір күндік шара ретінде емес, тұрақты экологиялық мәдениет қалыптастырудың жүйелі процесі ретінде қарастырамыз. Мұндай акциялар алдағы уақытта да барлық ауылдық округтерде жалғасын табады».
Іс-шара барысында тұрғындарға тұрмыстық қалдықтарды сұрыптау, қоршаған ортаны қорғау және ағаш егу мәдениеті бойынша ақпараттық түсіндіру жұмыстары жүргізілді. «Таза бейсенбі» жобасы Мемлекет басшысының «Таза Қазақстан» ұлттық акциясын қолдауға бағытталған және аудан тұрғындарына тазалық пен жауапкершілік мәдениетін қалыптастыруға ықпал етеді.
Алдағы уақытта партия және жергілікті атқарушы органдар бірлесіп, Мақтаарал ауданында тазалық, көгалдандыру және экологиялық ахуалды жақсарту жұмыстарын жүйелі түрде жалғастыра береді.





