Астанада «Тең мүмкіндіктер» республикалық инклюзивті спорт фестивалі басталды

Бүгін Астанада Қазақстанның барлық өңірінен келген 500-ге жуық бала қатысуымен «Тең мүмкіндіктер» республикалық инклюзивті спорт фестивалі старт алды. Фестиваль аясында қатысушылар бочча, жеңіл атлетика және эстафета жарыстарында екі күн бойы бақ сынайды. Іс-шараның басты мақсаты – ерекше балаларды қоғамға бейімдеу, олардың спорт арқылы әлеуетін ашу және инклюзивті орта қалыптастыру.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде: «Әділетті қоғам құру үшін өскелең ұрпақтың жан-жақты дамуын қамтамасыз ету маңызды. Мектептердегі білім беру барлық бала үшін инклюзивті әрі қолжетімді болуы тиіс» деген еді.
Фестивальді «AMANAT» партиясы Әйелдер қанатының бастамасымен, Оқу-ағарту министрлігі, Қазақстанның бочча федерациясы, Ұлттық ғылыми-практикалық дене тәрбиесі орталығы, Спортты дамыту дирекциясы және Астана қаласы әкімдігі бірлесіп ұйымдастырды.
Жиынды ашқан «AMANAT» партиясының Атқарушы хатшысы Дәулет Кәрібек фестивальді қайырымдылық пен бауырмалдық тоғысқан бірегей алаң ретінде бағалады. «Мемлекет басшысы инклюзивті спортқа ерекше мән береді. Президенттің тікелей тапсырмасымен жүйелі жұмыс жүргізілуде. Биыл екінші мәрте өтіп жатқан «Тең мүмкіндіктер» фестивалі – соның дәлелі. Іріктеу кезеңіне 2000-нан астам үміткер қатысып, үздіктер анықталды. Қатысушылардың барлығы болашақта халықаралық аренада үлкен жетістікке жетеді деп сенемін», – деді ол.
Республикалық фестивальге Түркістан облысының өңірлік кезең жеңімпаздарын «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалы атқарушы хатшысының орынбасары, облыстық мәслихат депутаты, Әйелдер қанатының жетекшісі Қалыйма Жантөреева бастап барды.





