Сайрамда «Манкент» бастауыш партия ұйымының жұмысы таныстырылды

 

«AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының төрағасы, мәслихаттағы партиялық фракция жетекшісі Алтынсары Үмбетәлиев Сайрам ауданында жұмыс сапарымен болып, «Манкент» бастауыш партия ұйымының қызметімен танысты. Кездесуге Манкент ауылдық округі әкімінің орынбасары Шавкат Сиддиқов, партияның аудандық филиалы атқарушы хатшысы Қуаныш Сыздықов, бастауыш ұйым төрайымы, аудандық мәслихат депутаты Мунаввар Убайдуллаева, мәдениет үйінің директоры Алишер Сұлтанмұрадов және партия мүшелері қатысты.

Алтынсары Үмбетәлиев бастауыш партия ұйымдарының «AMANAT» партиясының негізгі қозғаушы күші және халықпен тікелей байланыстың басты буыны екенін атап өтті. Мемлекет басшысының бастамаларымен үндес партия реформаларының мақсаты – жергілікті деңгейде тұрғындардың сұранысына жедел жауап беру және қоғаммен ашық диалог орнату.

Филиал төрағасы партия Төрағасы Ерлан Жақанұлы Қошанов биылғы жылды «Бастауыш партия ұйымының жылы» деп жариялағанын, бұл бастаманың белсенді мүшелерді қолдау, бастауыш ұйымдардың жұмысын күшейту және қоғаммен байланысын нығайтуға бағытталған маңызды қадам екенін айтты. «Манкент» бастауыш партия ұйымы өңірдегі үлгілі ұйымдардың бірі болып саналады. Мұнда партия мүшелері тұрғындармен тығыз қарым-қатынаста және нақты істерімен көрініп жүр», – деді ол.

«Манкент» бастауыш партия ұйымы 1999 жылы құрылып, қазіргі таңда 59 партиялық топ және 921 партия мүшесін біріктіреді. Ұйымға 2021 жылдың сәуірінен бастап аудандық мәслихат депутаты Мунаввар Убайдуллаева жетекшілік етеді. Ол депутаттық қызметімен қатар бастауыш ұйымның қоғамдық-саяси және әлеуметтік бастамаларын үйлестіреді.

Мунаввар Убайдуллаева кездесуде бастауыш ұйымның атқарған жұмыстарын баяндап өтті. 2024–2025 жылдары және биылғы жылдың 8 айының қорытындысы бойынша 7 рет қоғамдық қабылдау өткізгенін, сайланған округтерде 17 жеке қабылдау ұйымдастырылып, 54 азаматтың өтініш-тілектері қаралғанын айтты. Сонымен қатар «Қарасу» бастауыш партия ұйымы жанынан ашылған қоғамдық қабылдау бөлмесі арқылы 60-тан астам азаматтың мәселесі шешімін тапқан. Негізгі қаралған мәселелер – тұрғын үй, әлеуметтік көмек, инфрақұрылым, жылу, жарық, су және көпбалалы отбасыларға қолдау көрсету.

Кездесуде бастауыш ұйым мүшелері өз ұсыныстарын ортаға салып, әлеуметтік мәселелерді шешу жолдарын талқылады. Алтынсары Үмбетәлиев «Манкент» бастауыш партия ұйымының жұмысын жоғары бағалап, партиялық тәртіпті нығайту, азаматтардың өтініштерін сапалы қарау және ақпараттық жұмысты күшейту жөнінде ұсыныстарын айтты. «Әрбір бастауыш ұйым партия саясатының жергілікті деңгейде іске асырылуының алғы шебі болуы тиіс. Партияның күші халыққа жақындығында», – деді ол.

Кездесу соңында белсенді мүшелерге партия атынан алғыс айтылып, халықпен байланысты күшейту, әлеуметтік жобаларды жүзеге асыру және партия бастамаларын насихаттау бойынша нақты тапсырмалар берілді.