«AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының төрағасы Алтынсары Үмбетәлиев Сайрам ауданында жұмыс сапарымен болды

Бүгін «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының төрағасы, облыстық мәслихаттағы партиялық фракция жетекшісі Алтынсары Үмбетәлиев Сайрам ауданында жұмыс сапарымен болып, «Манкент» бастауыш партия ұйымының қызметімен танысты. Жиынға Манкент ауылдық округі әкімінің орынбасары Шавкат Сиддиқов, партияның Сайрам аудандық филиалының атқарушы хатшысы Қуаныш Сыздықов, «Манкент» бастауыш партия ұйымының төрайымы, аудандық мәслихат депутаты Мунаввар Убайдуллаева, сондай-ақ мәдениет үйінің директоры Алишер Сұлтанмұрадов және партия мүшелері қатысты.

Бастауыш партия ұйымдары – «AMANAT» партиясының негізгі қозғаушы күші және халықпен тікелей байланыстың басты буыны. Мемлекет басшысының бастамаларымен үндес партия реформаларының негізгі бағыты жергілікті деңгейде халықтың сұранысына жедел жауап беру, қоғаммен ашық диалог орнату. Осы тұрғыда бастауыш партия ұйымдарының белсенділігі мен жүйелі жұмысы партияның беделін арттырып келеді. Партияның басты мақсаты – әрбір мүшені қоғамның сенімді өкіліне айналдырып, жергілікті деңгейдегі әлеуметтік мәселелерді тиімді шешу.

Алтынсары Дүйсенбекұлы Партия Төрағасы Ерлан Жақанұлы Қошанов биылғы жылды «Бастауыш партия ұйымының жылы» деп жариялағанын атап өтті. Бұл ел ішіндегі белсенді партия мүшелерін қолдау, бастауыш ұйымдардың жұмысын күшейту және қоғаммен байланысын нығайтуға бағытталған маңызды қадам. Партия төрағасының айтуынша, «Манкент» бастауыш партия ұйымы өңірдегі үлгілі ұйымдардың бірі болып саналады. Мұнда партия мүшелері жергілікті тұрғындармен тығыз қарым-қатынаста, нақты істерімен көрініп жүр. Халықтың сенімін ақтау – басты міндет, ал партияның күші халыққа жақындығында.

«AMANAT» партиясының Сайрам аудандық филиалына қарасты «Манкент» бастауыш партия ұйымы 1999 жылы құрылған. Қазіргі таңда оның құрамында 59 партиялық топ, 921 партия мүшесі бар. Ұйымға 2021 жылдың сәуір айынан бері аудандық мәслихат депутаты Мунаввар Убайдуллаева жетекшілік етеді. Ол өзінің депутаттық қызметімен қатар бастауыш партия ұйымының қоғамдық-саяси және әлеуметтік бастамаларына ұйытқы болып келеді. Мунаввар Рустамбекқызы кездесуде ұйымның қызметін таныстырып, партия мен халық арасындағы байланысты нығайту бағытында атқарылған жұмыстарды баяндады.

– Сайрам аудандық мәслихатының депутаты ретінде 2024–2025 жылдары және биылғы жылдың 8 айының қорытындысы бойынша 7 рет қоғамдық қабылдау өткіздім. Сонымен қатар өзім сайланған округтерде 17 жеке қабылдау ұйымдастырылып, 54 азаматтың өтініш-тілектері тыңдалды. 2022 жылдың 30 наурызында «Қарасу» бастауыш партия ұйымы жанынан қоғамдық қабылдау бөлмесі ашылды. Осы уақыт аралығында облыстық және аудандық мәслихат депутаттары тұрғындарды қабылдап, 60-тан астам азаматтың мәселесін шешуге ықпал етті. Негізінен тұрғын үй, әлеуметтік көмек, инфрақұрылым, жылу, жарық, су, көпбалалы отбасыларға қолдау көрсету мәселелері қаралды. Барлық өтініш заң аясында қаралып, тиісті жауаптар берілді, – деді Мунаввар Убайдуллаева.

Кездесуде бастауыш партия ұйымының мүшелері өз ұсыныстарын ортаға салып, жергілікті деңгейдегі әлеуметтік мәселелерді шешу жолдарын талқылады. Алтынсары Үмбетәлиев «Манкент» бастауыш партия ұйымының жұмысына жоғары баға беріп, партиялық тәртіпті нығайту, азаматтардың өтініштерін сапалы қарау және ақпараттық жұмысты күшейту бағытында бірқатар ұсыныстар айтты.

– Әрбір бастауыш ұйым партия саясатының жергілікті деңгейде іске асырылуының алғы шебі болуы тиіс. Партияның күші халыққа жақындығында. Сондықтан әрбір партия мүшесі өз ауылында қоғамның белсенді азаматы, халықтың сенімді өкілі болуға тиіс, – деді облыстық филиал төрағасы.

Кездесу соңында «Манкент» бастауыш партия ұйымының белсенді мүшелеріне партия атынан алғыс айтылып, алдағы уақытта халықпен байланысты күшейту, әлеуметтік жобаларды жүзеге асыру және партияның бастамаларын насихаттау бағытында нақты тапсырмалар берілді. Партия мүшелерінің жауапкершілігі мен жүйелі жұмысы арқылы бастауыш ұйымдар өңірдегі әлеуметтік және қоғамдық жобалардың тиімді жүзеге асуына үлес қосып отыр.

Осылайша, Сайрам ауданында өткен кездесуде «AMANAT» партиясы жергілікті бастауыш ұйымдардың маңыздылығын көрсетіп, халықпен тығыз байланыс орнату және әлеуметтік бастамаларды іске асыру бағытындағы жұмыстарды жандандыруға ерекше назар аударғанын дәлелдеді. Партияның бұл сапары бастауыш ұйымдардың белсенділігін арттыруға, жергілікті тұрғындардың мәселелерін жылдам шешуге және қоғамдағы сенімділік деңгейін көтеруге бағытталған нақты қадам болды.