Цифрлық сауаттылық: «AMANAT» партиясы педагогтарға жан-жақты қолдау көрсетуде

Астанада «AMANAT» партиясының «Цифрлық қоғам» жобасын ел көлемінде жүйелі жүзеге асыруға арналған алқалы жиын өтті. Жиында ұстаздар қауымының цифрлық сауатын арттыру, білім беру процесіне жасанды интеллект (ЖИ) технологияларын тиімді енгізу және педагогтардың цифрлық трансформацияға белсенді қатысуын қамтамасыз ету мәселелері талқыланды.
Іс-шараға Мәжіліс депутаттары, орталық мемлекеттік органдар мен білім беру ұйымдарының өкілдері қатысты. Сондай-ақ бейнеконференцбайланыс режимінде партияның өңірлік филиалдарының басшылары қосылды.
Жиынды ашқан «AMANAT» партиясының Хатшысы Шолпан Каринова «Цифрлық қоғам» жобасының Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Жолдауында белгіленген тапсырмаларға сай іске асырылып отырғанын атап өтті.
«Жуырда «Мұғалім Talks» кейс-платформасының екінші отырысында мұғалімдерге жасанды интеллект пен цифрлық құралдарды оқыту процесінде тиімді пайдалану бойынша тегін онлайн-оқыту қарастырылды. Сонымен қатар оқыту барысында әдістемелік материалдарға қол жеткізу, педагогтар арасындағы шығармашылық байқау форматында алғашқы педагогикалық хакатон өткізу, Цифрлық кодекс жобасын әзірлеу және талқылауға педагогтарды тарту мәселелері өзекті болып отыр. Бұл бастамалар ел көлемінде жүйелі жүзеге асырылуға тиіс», – деді Ш. Каринова.
Бұл жобалар педагогтардың цифрлық сауатын арттырумен қатар білім беру сапасын көтеруге, оқушыларды заманауи технологияға бейімдеуге және жасанды интеллект құралдарын тиімді пайдалануға бағытталған нақты қадамдар болып табылады.





