AMANAT: БАҚЫЛАУ- САПА КЕПІЛІ

«AMANAT» партиясының сайлауалды бағдарламасында әлеуметтік нысандардың сапалы әрі уақытылы салынуын қатаң бақылау – негізгі басымдықтардың бірі. Бұл халық алдындағы партияның нақты жауапкершілігін көрсетеді. Осы мақсатта Түркістан облысы Созақ ауданында бой көтеріп жатқан жаңа Орталық кітапхана құрылысына партиялық бақылау комиссиясы кезекті мониторинг жүргізді.

Бақылауды «AMANAT» партиясы Созақ аудандық филиалы жанындағы Партиялық бақылау комиссиясының төрағасы Берік Тұрғанбаев басқарды. Мониторингке комиссия мүшелері Талғат Абуов, Нұржамал Майусова, аудан әкімдігінің құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімінің маманы Дархан Үркінбаев, сондай-ақ мердігер компания өкілдері қатысты.

Жалпы аумағы 1 гектар болатын кітапхана заманауи сәулет талаптарына сай, көпфункционалды мәдени орталық ретінде салынуда. Екі қабатты нысанның жобалық көлемі 12 мың шаршы метрден асады. Ол өңір халқы үшін білім мен мәдениеттің жаңа ошағы болады. Қазіргі таңда ғимараттың сыртқы сылақ жұмыстары аяқталуға жақын, сәндік қабатқа арналған бояу дайындалуда, кіреберіс баспалдақтары мен іргетас айналасына бетон құйылды. Ішкі бөлмелерде әрлеу жұмыстары жүргізіліп, жылу жүйесі орнатылып, қазандыққа қосылған.

Нысанда екі жұмыс бригадасы, жалпы 20-ға жуық құрылысшы еңбек етуде. Жұмыс барысына арнайы техникалар жұмылдырылған. Алдағы күндері есіктерді орнату, жарық желілерін тарту және еденді кафельмен қаптау жұмыстары жоспарланған. Құрылыс кестесі сақталып отыр.

Жобаға бас мердігер ретінде «SK Тенгри Холдинг» ЖШС, бас жобалаушы – «ДиК Проект» ЖШС, техникалық қадағалаушы – «Tekhnzor Prom Exspert KZ» ЖШС танылған. Жобаның жалпы құны 958 миллион теңгеден асады. Құрылыстың сапасы мен мерзімінде аяқталуы партияның қатаң бақылауында.

Мониторинг барысында комиссия төрағасы Берік Тұрғанбаев жобаның маңыздылығын атап, сапа мәселесіне ерекше назар аударды. «Бұл кітапхана – тек білім ордасы емес, өңірдің мәдени жүрегі болады. Сондықтан әр кірпіш, әр бөлшек маңызды. Біз халыққа берген уәдемізді орындау үшін құрылыс сапасын, жұмыс кестесін және мердігердің міндетін қатаң бақылауда ұстаймыз», – деді ол.

Жаңа Орталық кітапхана Созақ жастары мен тұрғындары үшін білім, ғылым және мәдени дамуға жол ашатын заманауи орталыққа айналады. Партияның Жол картасы аясында жүзеге асырылып жатқан бұл жоба «AMANAT»-тың халықпен бірге, халық үшін жұмыс істеп отырғанының нақты көрінісі болып табылады.