«АЛТЫН КҮЗ – 2025»: АРЫСТА ДИҚАН МЕН МАЛШЫ МӘРТЕБЕСІ АСҚАҚТАДЫ

Арыс қаласында ауыл шаруашылығы саласы қызметкерлерінің кәсіби мерекесіне арналған «Алтын күз – 2025» салтанатты шарасы өтті. Мәдениет үйінде ұйымдастырылған жиын – жыл бойы маңдай терімен ел ырысын арттырған еңбек адамдарына құрмет көрсетуге арналды.

Кеш барысында қала әкімі Қайсар Маңқараев сахнаға шығып, диқандар мен шаруалардың еңбегін ерекше атап өтті. Ол өз сөзінде ауыл шаруашылығының өңір экономикасындағы маңызын айта келе:
«Көктемде жер жыртып, жаз бойы еңбек етіп, күзде мол өнім алған әр азамат – Арыстың мақтанышы. Сіздердің қажырлы еңбектеріңіз – қаламыздың тұрақтылығы мен берекесінің кепілі. Халықтың несібесі сіздердің алақандарыңызда», – деді әкім.

Салтанатты жиында ауыл шаруашылығының әр бағыты бойынша жоғары көрсеткішке жеткен азаматтар марапатталды. Мал шаруашылығы, егіншілік, жылыжай ісі, сүт және балық өндірісі салаларында үздік нәтижеге жеткен еңбеккерлерге «Ауыл шаруашылығы саласының үздігі» төсбелгілері мен қала әкімінің Алғыс хаттары, бағалы сыйлықтар табыс етілді.

Сондай-ақ, ауылдық округ әкімдері мен шаруа қожалықтарының жетекшілері де салаға қосқан үлестері үшін марапатқа ие болды.

Іс-шараның бір сәтінде ерекше оқиға орын алды. Қайсар Маңқараев «Каз Киоти» ЖШС-нің қолдауымен жеңілдетілген несие бағдарламасы аясында «Оспан» шаруа қожалығына жаңа Dong Feng 904 тракторының кілтін салтанатты түрде тапсырды. Бұл – мемлекет пен бизнестің ауыл еңбеккерлеріне нақты қолдау көрсетуінің жарқын көрінісі.

Мерекелік жиында «AMANAT» партиясының Арыс қалалық филиалы төрағасы, қалалық мәслихат депутаты Бақтығали Ділдәбеков те сөз алып, ауыл шаруашылығы саласында еңбек етіп жүрген азаматтарға партия атынан ризашылығын білдіріп, Алғыс хаттар табыс етті.

Салтанатты рәсім соңында Арыс қаласының өнерпаздары концерттік бағдарлама ұсынып, кешті әсем ән мен би көркемдеді. Жиналған қауым көңілді күйде тарасып, еңбектің қадірі мен ауылдың абыройы ұлықталған мереке ретінде есте қалды.