«Таза Қазақстан»: Арыс қаласы экологиялық бастамаға үн қосты

Арыс қаласында экологиялық мәдениетті дамыту және қаланы көгалдандыру мақсатында кең көлемді ағаш отырғызу акциясы өтті. «Таза Қазақстан» экологиялық жобасы аясында ұйымдастырылған шараға қала әкімі Қайсар Маңқараев, қоғам қайраткерлері, ардагерлер, жастар ұйымдары мен мешіт имамдары, сондай-ақ түрлі мекемелердің қызметкерлері қатысты.

Акция қала орталығындағы Құрметті азаматтар аллеясында басталды. Мұнда этно-мәдени орталық өкілдері мен еріктілер 50-ден астам қарағай көшетін отырғызды. Дайындық жұмыстарын «Жасыл Арыс» коммуналдық мекемесі алдын ала үйлестіріп, жер қазу мен суару жүйесін қамтамасыз етті.

Шараның келесі бөлігі «Жеңіс» скверінде жалғасын тапты. Бұл жерде де тұрғындар мен жастар ұйымшылдық танытып, 250 түп жас тал отырғызды. Қатысушылар әрбір ағашты ерекше ықыласпен отырғызып, қаланың көркеюіне өз үлестерін қосты.

Қала әкімі Қайсар Маңқараев акцияға қатысушыларға ризашылығын білдіріп, бірліктің және ұрпақтар сабақтастығының маңызын атап өтті:
«Арыс қаласының басты күші – халқының бірлігінде. Бүгінгі шара осының нақты көрінісі. Әр отырғызылған тал — келешек ұрпаққа жасалған сый, табиғатты аялауға деген шынайы құрмет», – деді қала басшысы.

Акцияның ең ауқымды кезеңі Арыс–Шардара автожолының бойында өтті. Бұл аймақта 3 700 түп қарағаш көшеті егілді. Олардың барлығы жергілікті тұқымбақта өсіріліп, өңірдің климаттық жағдайына бейімделген.

Қатысушылар шараны тек экологиялық сенбілік ретінде емес, туған жерге деген сүйіспеншіліктің көрінісі деп қабылдады. «Бұл талдар – болашаққа қалдырған аманатымыз» деген ортақ оймен еңбек еткен тұрғындар табиғатқа қамқор болудың қоғамдағы маңызын көрсетті.

Көпшіліктің бірлескен еңбегі Арыс қаласының экологиялық ахуалын жақсартып қана қоймай, тұрғындардың қоршаған ортаға деген жауапкершілік сезімін арттырды. Мұндай бастамалар өңірдің табиғи келбетін сақтап, келешек ұрпаққа жасыл әрі таза орта қалдыруға бағытталған.