Түркістан мен Самарқанд облыстары туризмді бірлесе дамытуға уағдаласты

Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров бастаған делегацияның Өзбекстанға сапары Самарқанд облысында түйінделді. Екі өңірдің басшылығы туризм саласындағы ынтымақтастықты арттыру жолдарын талқылап, өзара түсіністік пен серіктестікті нығайту мақсатында Меморандумға қол қойды.
Құжат Түркістан мен Самарқанд облыстары арасындағы туризм, мәдениет, білім және инвестиция бағыттарында бірлескен жобаларды жүзеге асыруды көздейді. Әсіресе топтық туризмді дамыту, туристік нысандарды ортақ таныстыру, сапарлар ұйымдастыру және мәдени алмасуды күшейту шаралары қамтылған.
Кездесу барысында Нұралхан Көшеров екі аймақтың тарихи және рухани тамыры ортақ екенін атап өтті.
«Түркістан мен Самарқанд – Ұлы Жібек жолының қос қақпасы, шығыс пен батысты тоғыстырған мәдени орталықтар. Бұл өңірлерде ғылым мен өнер өркендеді. Бүгінде туризм, мәдениет және инвестиция салаларында ынтымақтаса жұмыс істеуіміз екі тарапқа да тиімді. Түркістандықтар шекарааралық туризмді, қолөнер мен гастрономия фестивальдерін, мәдениет күндерін және бірлескен маркетингтік жобаларды дамытуға мүдделі. Биыл іске қосылған Түркістан–Самарқанд тікелей әуе рейсі туризмді өркендетуге серпін берді. Біздің мақсат – ортақ мәдени-тарихи кеңістікті қалыптастырып, өзара байланысты тереңдету», – деді аймақ басшысы.
Самарқанд облысының хокимі Әдиз Бобоев те ынтымақтастық бастамасын қолдап, туризмді дамытудың нақты бағыттарын бірлесе айқындауға дайын екенін жеткізді.
Сапар барысында делегация мүшелері Самарқандтағы Туризм академиясында жергілікті туроператорлармен кездесіп, туристік ағымды арттыру жолдарын талқылады. Сондай-ақ, «Silk Road Samarkand» туристік кешенінің қызметімен танысты. Түркістан облыстық туризм басқармасының басшысы Нұрдәулет Медеуов өңірдің туристік әлеуетін таныстырып, екіжақты жобалар жөнінде ақпарат берді.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар аймақаралық байланыстарды күшейтуге, біртұтас туристік кеңістік қалыптастыруға және өңірлердің халықаралық деңгейдегі тартымдылығын арттыруға бағытталған жұмыстарды жалғастыруға келісті.
Айта кетейік, 2025 жылдың алғашқы тоғыз айында Түркістан облысына 830 мыңнан астам турист келген. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 13 пайызға көп. Оның ішінде Өзбекстаннан келушілердің саны екі есеге өсіп, 26 мың адамнан асты.





