ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА ҮШ БІРДЕЙ ЖАҢА ӨРТ СӨНДІРУ БЕКЕТІ ПАЙДАЛАНУҒА БЕРІЛДІ

 

Түркістан облысында төтенше жағдайлардың алдын алу және ауылдық аймақтардың қауіпсіздігін арттыру мақсатында үш жаңа өрт сөндіру бекеті ашылды. Нысандар Сайрам ауданының Қарамұрт және Құтарыс ауылдарында, сондай-ақ Ордабасы ауданының Бөген ауылында бой көтерді.

Ашылу салтанатына ҚР Төтенше жағдайлар министрі, генерал-лейтенант Шыңғыс Әрінов, облыс әкімі Нұралхан Көшеров, облыстық ТЖД бастығы Асқар Төлешев, Сайрам ауданының әкімі Мадияр Оразалиев және жергілікті тұрғындар қатысты.

Жаңа нысандар «Ауыл құтқарушылары» бағдарламасы аясында салынған. Бұл бастама шалғай елді мекендерде өрт қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және ерікті өрт сөндірушілер желісін дамытуға бағытталған.

Қарамұрт ауылындағы бекет 20 мыңға жуық тұрғыны бар Қарамұрт, Низамабад және Аққала ауылдарына қызмет көрсетеді. Ал Құтарыс ауылындағы нысан 8 мыңға жуық тұрғыны бар алты елді мекеннің қауіпсіздігін қамтиды. Олардың қатарында Құтарыс, Қызылжар, Ақарыс, Оймауыт, Жусансай және Аққойлы ауылдары бар.

Құтарыс бекетінің жалпы ауданы 225 шаршы метрді құрайды. Ол «OZEN» қоғамдық қорының қолдауымен 65 миллион теңге қаржыға салынды. Қарамұрттағы нысанның ауданы – 300 шаршы метр, жоба жеке кәсіпкердің қаражаты есебінен жүзеге асқан.

Ордабасы ауданының Бөген ауылында ашылған тағы бір бекет те заманауи техникамен, байланыс құралдарымен және өрт сөндіруге арналған жабдықтармен толық қамтамасыз етілген. Нысанның іске қосылуы аудан халқының қауіпсіздігін күшейтеді.

Салтанатты іс-шара барысында министр Шыңғыс Әрінов өңірдегі азаматтық қорғаныс жүйесін жетілдіру бағытында атқарылған жұмыстарға оң баға беріп, Түркістан облысы әкімдігі мен ТЖ қызметкерлеріне алғысын білдірді.

Өңір әкімі Нұралхан Көшеров өз сөзінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, елдің әрбір ауылында төтенше жағдайлардың алдын алу жүйесін нығайту жұмыстары жалғасып жатқанын атап өтті.

– «Түркістан облысында «Ауыл құтқарушылары» бағдарламасы аясында бес жаңа өрт сөндіру бекеті салынды. Бүгін іске қосылған Қарамұрт, Құтарыс және Бөген нысандары – соның айғағы. Соңғы екі жылда облыс бюджетінен төтенше жағдай қызметіне 30-ға жуық техника сатып алынды. Сондай-ақ Сауран және Төлеби аудандарында жалпы құны 1,6 миллиард теңгені құрайтын екі өрт сөндіру бөлімі пайдалануға берілді. Бұл бағыттағы жұмыстар жалғасады. Басты мақсат – әрбір ауылдың қауіпсіздігін қамтамасыз ету», – деді өңір басшысы.

Жаңа бекеттер толық жабдықталған және қажетті штатпен қамтамасыз етілген.

Жалпы, Түркістан облысы бойынша «Ауыл құтқарушылары» бағдарламасы аясында 32 өрт сөндіру бекетін ашу жоспарланып отыр. Соның бесеуі биыл пайдалануға берілмек.