ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫ: ОРДАБАСЫ АУДАНЫНДА ЖАҢА ӨРТ СӨНДІРУ БЕКЕТІ ПАЙДАЛАНУҒА БЕРІЛДІ

Ордабасы ауданының Бөген ауылында жаңа өрт сөндіру бекеті ашылды. Нысан «Ауыл құтқарушылары» бағдарламасы аясында бой көтеріп, шалғай елді мекендердегі төтенше жағдайлардың алдын алуға бағытталған.
Ашылу салтанатына Қазақстан Республикасының Төтенше жағдайлар министрі, генерал-лейтенант Шыңғыс Әрінов пен Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров қатысып, нысанның маңызын атап өтті. Сонымен қатар жергілікті билік өкілдері, ауыл тұрғындары мен демеушілер де шараға куә болды.
Жаңа өрт сөндіру пункті заманауи техникамен, байланыс құралдарымен және тәулік бойы кезекшілікке қажетті жабдықтармен толық қамтамасыз етілген. Бекет Бөген, Кемер және Жеңіс ауылдарында тұратын шамамен сегіз мың тұрғынның қауіпсіздігін қамтамасыз етеді. Қызмет көрсететін құрам жергілікті бюджет есебінен еңбекақы алатын еріктілерден тұрады.
Бұл нысанды жабдықтау ісіне аудандық мәслихат депутаты Әбілда Әлібеков елеулі үлес қосқан.
Төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әрінов өз сөзінде мұндай бекеттердің өңірдің барлық ауылында ашылуы жоспарланғанын айтты:
«Қазіргі таңда осындай ерікті өрт сөндіру құралымдары елдің түкпір-түкпірінде құрылып жатыр. Түркістан облысында 800-ден астам ауыл бар, біз олардың әрқайсысында өз пунктінің жұмыс істеуіне жағдай жасаймыз», – деді министр.
Оның айтуынша, Төтенше жағдайлар министрлігі жергілікті атқарушы органдармен бірлесе отырып, ерікті бөлімшелердің материалдық-техникалық базасын нығайту ісін жалғастыруда. Бұл олардың төтенше жағдайларға дер кезінде әрекет ету қабілетін арттырып, ауыл халқының қауіпсіздігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Жаңа бекеттің ашылуы Ордабасы ауданының тұрғындары үшін маңызды оқиға болды. Бұл бастама өңірдегі төтенше жағдайлардың алдын алуға және ауылдық жерлердің инфрақұрылымын күшейтуге бағытталған нақты қадам саналады.





