Мәжіліс цифрлық кодекс жобасын алғашқы оқылымда талқылайды

Ерлан Қошановтың төрағалығымен өткен Бюро отырысында алдағы жалпы отырыстың күн тәртібі бекітілді. Күн тәртібіндегі басты мәселе – еліміздің алғашқы Цифрлық кодексі мен оған ілеспе заң жобаларын бірінші оқылымда қарау.
Бұл бастама Мемлекет басшысының 2025 жылғы 8 қыркүйектегі «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Жолдауында жүктелген міндеттерді орындауға бағытталған. Президент атап өткендей, алдағы үш жылда Қазақстанды толыққанды цифрлық мемлекетке айналдыру – стратегиялық мақсаттардың бірі.
Кодекс жобасында цифрлық ортадағы құқықтық қатынастарды реттеу, цифрлық құжаттарды жасау, сақтау және ұсыну қағидалары нақты көрсетілген. Сондай-ақ бағдарламалық код түрінде ресімделіп, белгілі бір шарттар туындағанда автоматты түрде орындалатын смарт-келісімшарттар ұғымы заңнамалық деңгейде енгізілмек. Бұл цифрлық экономиканың құқықтық негізін нығайтып, азаматтар мен бизнес арасындағы өзара сенімді арттыруға бағытталған.
Сонымен қатар, отырыста «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» кодекске енгізілетін түзетулер де бірінші оқылымда қаралады. Өзгерістердің басты мақсаты – жер қойнауын пайдалану саласындағы барлық бизнес-процесті цифрландыру. Бұл үшін жер қойнауын пайдаланудың бірыңғай цифрлық платформасын құру және геологиялық ақпаратты басқару жөніндегі Ұлттық геологиялық қызметтің функцияларын бекіту көзделіп отыр.
Күн тәртібіне енгізілген тағы бір маңызды құжат – креативті индустрияларды қолдау және дамыту туралы заң жобасы. Бұл құжат шығармашылық әлеуетті арттыруға, кадр даярлау жүйесін жетілдіруге және осы салаға инвестиция тартуға мүмкіндік береді. Жобаға «кәсіби суретші», «креативті индустриялар өнімі» және «креативті индустриялар субъектілерінің тізілімі» сияқты жаңа ұғымдар енгізіледі.
Сондай-ақ Мәжіліс депутаттары екінші оқылымда архив ісі жөніндегі түзетулерді талқылайды. Бұған қоса, Әзербайжан, Қазақстан және Өзбекстан арасындағы жасыл энергияны өндіру және жеткізу саласындағы стратегиялық әріптестік туралы келісімді жұмысқа қабылдау жоспарланып отыр.
Мәжілістің бұл отырысы елдің цифрлық және инновациялық даму бағытын айқындайтын маңызды кезең болмақ.





