Түркістан облысында балалар буын ауруларына тіліксіз ота жасайтын жаңа әдіс енгізілуде

 

Түркістан облыстық балалар ауруханасының дәрігерлері тізе буын жарақаттарын емдеудің заманауи әрі жоғары дәлдікті әдісін – артроскопиялық ота жасауды қарқынды түрде меңгеріп жатыр. Бұл әдіс буын аймағын толық тілік жасаусыз, шағын құралдар мен камераның көмегімен емдеуге мүмкіндік береді. Ауруханаға арнайы артроскопиялық құрылғы орнатылып, балаларға тіліксіз операция жасауға толық жағдай жасалды.

Жаңадан енгізілген технологияның артықшылығы – емдеу үшін басқа өңірге барудың қажеттілігі азаяды. Бұған дейін мұндай күрделі процедуралар көбіне Алматы немесе Астана қалаларында жүргізілсе, енді облыс дәрігерлері оны жергілікті деңгейде орындауға дайындалуда. Бұл ата-аналар мен науқастарға жол шығынын, уақытты үнемдеуге септігін тигізеді.

Жаңа әдісті игеру мақсатында Алматыдағы №7 қалалық клиникалық аурухананың ортохирургия бөлімінің меңгерушісі, тәжірибелі ортопед-травматолог, денсаулық сақтау магистрі Арнат Байзақов Түркістанға келіп, мамандарға шеберлік сабағын өткізді. Оқыту барысында дәрігерлер буын ішіндегі жарақаттарды анықтаудың халықаралық деңгейде қолданылатын тәсілдерімен танысып, артроскопия аппараты арқылы нақты диагноз қою және ем жүргізудің қыр-сырын меңгерді.

Маманның айтуынша, артроскопия балалардың қозғалыс функциясын тез қалпына келтіруге мүмкіндік беретін ең тиімді әдістердің қатарында. Ол классикалық ашық операцияға қарағанда ауырсынуды азайтады, қалпына келу уақытын қысқартады және жарақат көлемін барынша төмендетеді.

Бүгінгі оқу шеңберінде бес балаға тіліксіз ота жасау жоспарланған. Бұл операциялар жергілікті мамандар үшін тәжірибені нығайтып, болашақта мұндай оталарды толық өз күшімен орындауға жол ашады. Дәрігерлер алдағы уақытта өңірдегі балаларды басқа қалаға жібермей-ақ толыққанды емдеуді мақсат етіп отыр.

Медицина саласындағы бұл жаңалық Түркістан облысының педиатриялық қызметін дамытуға серпін бермек. Аурухана басшылығы да балаларға арналған ортопедиялық көмекті жаңа деңгейге көтеру үшін кадрларды үздіксіз оқыту мен инфрақұрылымды жаңғырту жұмыстары жалғасатынын атап өтті.