Түркістанда ескек есу және триатлоннан халықаралық жарыстар өтеді

 

Түркістан қаласы 2026 жылы еліміздегі және Азиядағы ескек есу спортындағы ірі жарыстардың орталығына айналмақ. Астанадағы Ж.Үшкемпіров атындағы спорт сарайында өткен республикалық жаттықтырушылар кеңесінде Қазақстанның «Қайық» федерациясы, облыстардың жаттықтырушылары және мемлекеттік мамандар қатысып, келесі жылға арналған жарыстар күнтізбесін бекітті.

Кеңес жұмысына Түркістан облыстық су спорты мектебінің директоры Денис Жарменов қатысып, өңірдегі спорт инфрақұрылымын дамыту және жаттықтырушылар құрамын нығайту бойынша ұсыныстарын білдірді.

Мемлекеттік жаттықтырушы Даулет Сұлтанбековтің хабарлауынша, 2026 жылы академиялық есу бойынша Қазақстан чемпионатының алты турнирінің төртеуі Түркістан қаласындағы Олимпиадалық стандартқа сай есу арнасында өтеді. Сонымен қатар, Түркістанда байдарка және каноэдан бес негізгі ел чемпионаты (наурыздан қыркүйекке дейін) және параканоэ бойынша Қазақстан чемпионаты ұйымдастырылады.

Әсіресе маңыздысы, 2026 жылдың 4-7 маусым күндері Түркістан алғаш рет байдарка және каноэда есуден U18 және U23 жас санаттары арасындағы Азия чемпионатын, сонымен қатар параканоэ бойынша Азия чемпионатын қабылдайды. Бұл ел тарихында тұңғыш рет ұйымдастырылатын ауқымды халықаралық жарыс болып саналады.

Сондай-ақ, триатлон федерациясы Түркістан қаласын 2026 жылға арналған жарыстар кестесіне енгізді. Мамыр айында Қазақстан чемпионаты, ал тамызда Азия кубогы есу арнасында өтеді. Бұл шаралар өңірдің халықаралық спорт аренасында танылуына, инфрақұрылым мен туризмді дамытуға мүмкіндік береді.

Қорытындылай келе, 2026 жылы Түркістан есу каналы мен спорт алаңдары Қазақстанның 11 чемпионаты мен Азияның 2 жас санатындағы чемпионатын, параканоэ чемпионатын және Азия кубогын қабылдауға дайын болады. Бұл қалаға халықаралық деңгейде спорттық туризм мен жастар спортын дамытуға тың серпін береді.