Түркістанда азық-түлік жәрмеңкесі өтті

Түркістан қаласында тұрғындарға арзан және сапалы азық-түлік ұсынуға арналған жәрмеңке ұйымдастырылды. Кезекті сауда-саттық «Бірлік» тұрғын алабында өтті. Жәрмеңке аптаның әр жұма күні тұрақты түрде өткізілуде және нарықтағы бағамен салыстырғанда азық-түлік өнімдері 30-50 пайызға дейін төмен бағамен сатылды.
Азық-түлік жәрмеңкесі облыс орталығында дәстүрлі түрде өткізіліп, қала тұрғындарына қолжетімді бағадағы өнімдерді ұсынуда маңызды рөл атқарып келеді. Сауда сөрелерінде Келес, Төлеби және Түлкібас аудандарының шаруаларының ет-сүт өнімдері, сондай-ақ «Түркістан» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ және жергілікті кәсіпкерлердің өнімдері ұсынылды. Қала тұрғындарына сапалы тауарларды төмен бағада сатып алу мүмкіндігі берілді.
Жәрмеңке барысында шамамен 30 тонна ауыл шаруашылығы өнімдері сатылды. Қала тұрғындары картопты 140 теңгеден, пиязды 85 теңгеден, сәбізді 140 теңгеден, қырыққабатты 100 теңгеден сатып ала алды. Сондай-ақ сиыр еті 2500 теңгеден, тауық еті 1100 теңгеден сатылды. Нан 80 теңге, ал жұмыртқаның данасы 45 теңгеден ұсынылды. Мұндай қолжетімді баға тұрғындардың күнделікті қажеттіліктерін өтеуге зор мүмкіндік берді.
«Түркістан» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ Басқарма төрағасы Бекжан Бисенбаевтың айтуынша, келесі жәрмеңке 19 қараша күні «Конгресс Холл» көпсалалы кешенінің алдында «Agrofest Turkistan 2025» мерекелік шарасына орай ұйымдастырылмақ. Шарада өңірдегі аудан-қалалардан келген шаруалардың экологиялық таза, құнарлы және сапалы өнімдері халық назарына ұсынылады. Бұл іс-шара өңірдегі ауыл шаруашылығы өнімдерін насихаттауға, кәсіпкерлер мен тұтынушылар арасындағы байланысты нығайтуға бағытталған.
Жәрмеңке халыққа қолжетімді бағамен тауар жеткізіп қана қоймай, тұрғындар арасында ауыл шаруашылығы өнімдеріне деген қызығушылықты арттырып, нарықтағы бағаны тұрақтандыруға да септігін тигізеді. Осылайша, Түркістан қаласындағы азық-түлік жәрмеңкесі өңірдің әлеуметтік маңызы бар жобаларының бірі ретінде қалыптасып отыр.





