Жетісай ауданында жаңа өндіріс орындары ашылып, жұмыс орындары көбейеді

Түркістан облысында кәсіпкерлікті дамыту мен тұрақты жұмыс орындарын қалыптастыру бағытындағы шаралар жүйелі түрде жүргізіліп келеді. Облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің тапсырмасына сәйкес, аудан-қалаларда өндіріс саласын күшейтіп, жергілікті тұрғындардың табысын арттыруға негіз болатын жобалар қолға алынған. Сол бастамалардың бірі — Жетісай ауданындағы Асықата кентінде салынған шағын өндірістік парк.
Аумағы 1 гектарды құрайтын бұл жаңа өндірістік алаңда бірден бес кәсіпорын іске қосылмақ. Жалпы инвестиция көлемі — 210 млн теңге. Мұнда құрама жем дайындау, металл бұйымдарын дәнекерлеу, құрылысқа қажетті құрғақ қоспалар өндіру, тұрмыстық химия өнімдері — кір сабын, сусабын, құрғақ және сұйық ұнтақтар жасау, сондай-ақ әжетхана қағазы мен майлықтар шығару сияқты бағыттар бойынша өндірістер жұмыс істейтін болады. Бұл жобалар шамамен 100-ге жуық тұрғынды тұрақты жұмыспен қамтуға мүмкіндік береді.
Жетісай ауданының әкімі Серік Мамытовтың айтуынша, индустриялық аймақ пен шағын өндірістік парктің әлеуеті өңір экономикасын айтарлықтай алға жылжытады. Оның айтуынша, қолайлы инфрақұрылым мен логистикалық мүмкіндіктер инвесторлар үшін тиімді жағдай жасап отыр.
«Ауданда қолға алынған өндірістік жобаларды іске асыру өңіріміздің экономикалық серпінін арттырады. Инвесторларға заң аясында барлық қолдау көрсетіледі. Асықата кенті мен маңайындағы Ынтымақ, Жаңа ауыл, Қазыбек би ауылдық округтері өндірісті дамытуға өте қолайлы аумақтар», — деді аудан әкімі.
Соңғы бес жылда ауданға 90,2 млрд теңгенің инвестициясы тартылған. Алдағы уақытта іске қосылатын жаңа индустриялық аймақтар мақта өсірілетін өңірдің өндірістік әлеуетін күшейтіп, кәсіпкерлік белсенділікті арттыруға жол ашады. 2030 жылға қарай ауданға тартылатын инвестиция көлемін 419,6 млрд теңгеге жеткізу жоспарланып отыр.
Өндіріс орындарының артуы Жетісай ауданында жаңа кәсіп бастайтын азаматтардың көбеюіне, өңірдің экономикалық тұрақтылығына және тұрғындардың әл-ауқатының жақсаруына оң ықпал етпек.





