ҚАЗЫҒҰРТ: ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙЛАРДЫҢ АЛДЫН-АЛУ ЖӘНЕ ГАЗ ҚАУІПСІЗДІГІ МӘСЕЛЕЛЕРІ ТАЛҚЫЛАНДЫ

Қазығұрт ауданының әкімі Азизхан Исмаиловтың төрағалығымен кезектен тыс аппарат мәжілісі өтті. Жиынға аудан әкімінің орынбасарлары, аппарат басшысы, ауыл округтері әкімдері, дербес бөлімдер мен тиісті мекемелердің басшылары қатысты. Мәжіліс барысында аудан аумағындағы төтенше жағдайлардың алдын алу және газ қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері жан-жақты қаралды.
Мәжілістің күн тәртібінде екі негізгі мәселе қаралды. Біріншісі — аудан көлемінде төтенше жағдайлардың алдын-алу және жоюды ұйымдастыру шараларының барысы. Екіншісі — тұрғын үйлердегі газ тұтыну қауіпсіздігіне қатысты түсіндіру жұмыстарының жай-күйі мен өзекті мәселелері.
Аудан әкімі Азизхан Исмаилов тұрғын үйлердегі газ тұтыну қауіпсіздігін қамтамасыз етудің маңыздылығын атап өтті. Ол газбен жабдықталған үйлерде қауіпсіздік талаптарының сақталуы, газ жабдықтарын техникалық тексеру, ақауларды дер кезінде анықтау және тұрғындар арасында түсіндіру жұмыстарын тұрақты жүргізудің қажеттігін баса айтты. Әкім тиісті сала басшыларына аталған бағыттар бойынша жұмысты жүйелі түрде жалғастыруды, бақылауды күшейтуді және тұрғындарға нақты түсіндіру жұмыстарын жүргізуді міндеттеді.
Мәжіліс барысында аудан прокуроры Руслан Абдраимов төтенше және авариялық жағдайларды алдын алу, қыс мезгілінде жылыту маусымына дайындық шараларын бақылау және қауіпсіздік шаралары бойынша ақпараттарды халыққа жеткізу қажеттігіне тоқталды. Ол түсіндірме жұмыстары тек баспасөз құралдары арқылы емес, әлеуметтік желілер мен WhatsApp топтарында да кеңінен жүргізілуі тиіс екенін атап өтті.
Аудандық мәслихат төрағасы Тайбек Талымбетов төтенше жағдай және өрт сөндіру бөлімдерінің мамандары ауыл округтері аппаратындағы жауапты мамандармен бірігіп, тұрғын үйлерді аралап, түсіндіру жұмыстарын жүргізудің маңыздылығын атап өтті. Сонымен қатар ол, қауіпсіздік шараларын қатаң сақтау мақсатында нақты жоспар жасап, оны кезең-кезеңімен орындау арқылы ғана тиімді нәтижеге қол жеткізуге болатынын жеткізді.
Жиынға қатысқан ардагерлер алқасы, ауыл билері, зиялы қауым өкілдері және ауыл белсенділері өз округтеріндегі бірқатар мәселелерді көтеріп, нақты ұсыныстарын жеткізді. Тұрғындар тарапынан көтерілген проблемалар мен өтініштер бойынша алдағы уақытта тиісті шаралар қабылданып, барлық жұмыстар жүйелі түрде жүргізілетін болады.
Мәжілістің қорытындысында аудан басшылары төтенше жағдайлардың алдын алу мен газ қауіпсіздігін қамтамасыз ету — тұрғындардың өмірі мен денсаулығын қорғаудың басты бағыттарының бірі екенін тағы бір мәрте атап өтті. Бұл бағытта ақпараттық-түсіндіру жұмыстары, бақылау және профилактикалық іс-шаралар тұрақты түрде жалғасады.





