Мақтааралда күзгі ағаш отырғызу науқаны қарқын алды

Мақтаарал ауданында экологиялық ахуалды жақсарту және көгалдандыру жұмысын күшейту мақсатында биылғы күзде 25 мың дана ағаш көшетін отырғызу жоспарланған. Бұл бастама ауданның барлық кенттері мен ауылдық округтерін қамтиды.

Жуырда «Таза Қазақстан» республикалық акциясы аясында ауданда жаппай сенбілік өтті. Тұрғындар мен еріктілер бірігіп 4 500 дана қара ағаш көшетін екті. Сенбілік барысында әрбір ауылдық округ пен кентке нақты көлемде көшет отырғызу жоспары бекітілген.

Ағаш көшеттері көшелер бойына, әлеуметтік нысандар мен демалыс орындарының айналасына, каналдар мен арық-атыздардың бойына отырғызылады. Тиісті бөлімдер мен мекемелерге егілген көшеттердің күтімін ұйымдастыру тапсырылды.

Аудан әкімі Бақыт Асанов барлық ауыл тұрғындарын белсенді қатысуға шақырып, көгалдандырудың тек табиғатты қорғауға емес, ауданның мәдени келбетін арттыруға да зор үлес қосатынын атап өтті.