Мақтаарал ауданында Халықаралық зағиптар күні аталып өтті

Бүгін Мақтаарал ауданында Халықаралық зағиптар күніне арналған арнайы іс-шара ұйымдастырылды. Жиынға аудан әкімі Бақыт Насырханұлы қатысып, мүмкіндігі шектеулі азаматтарға қолдау көрсету бағытындағы жұмыстар туралы баяндады.

Аудан басшысы бұл күннің қоғамдағы ерекше қажеттілігі бар азаматтардың құқықтарын қорғау, оларды қолдау және инклюзивті ортаны дамыту тұрғысынан маңызын атап өтті.

– «Халықаралық зағиптар күні – көру қабілеті шектеулі азаматтардың қоғам өміріне толыққанды араласуына мүмкіндік жасау, олардың қажеттіліктерін ескеріп, біздің міндеттерімізді қайта бағамдауға арналған маңызды кезең. Арамызда өмірдің түрлі сынағына мойымай, еңбегімен, талантымен, жігерімен көпке үлгі болып жүрген азаматтар аз емес. Олар – айналасына үміт пен күш сыйлап жүрген жандар», – деді Бақыт Насырханұлы.

Іс-шара барысында аудан әкімі қатысушыларға зор денсаулық, қажымас қайрат, отбасыларына амандық тіледі. Сондай-ақ, зағип болуына қарамастан ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына белсенді үлес қосып жүрген бір топ азаматтарды алғыс хатпен марапаттады.