Мақтааралда Ынталы және Көксу ауылдарына табиғи газ берілді

Мақтаарал ауданында елді мекендерді табиғи газбен қамтамасыз ету жұмыстары кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда. Бүгінгі қуанышты жаңалық – аудан бойынша 59-шы Ынталы ауылы мен 60-шы Көксу ауылы газ жүйесіне қосылды.
Ынталы ауылындағы шараға аудан әкімі Бақыт Асанов арнайы қатысып, ауыл тұрғындарының қуанышына ортақтасты. Әкім өз сөзінде тұрғындардың тұрмыс сапасын арттыруға бағытталған инфрақұрылымдық жобалардың жүйелі түрде іске асырылып жатқанын атап өтті.
– «Бүгінгі қуаныш – барша Ынталы мен Көксу халқының көптен күткен арманының орындалуы. Газ желісінің іске қосылуы тұрмысты жеңілдетіп қана қоймай, экологиялық тұрғыдан да тиімді шешім. Бұл жұмыстар ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына оң ықпал етеді», – деді Бақыт Асанов.
Ауыл тұрғындары әкімге және облыс, аудан басшылығына алғыстарын білдіріп, көгілдір отынның келуімен қыстың қамын ертерек жасап, тұрмыс деңгейінің жақсарғанын атап өтті.
Айта кетейік, соңғы жылдары Мақтаарал ауданында елді мекендерді газбен қамту бойынша ауқымды жұмыстар атқарылып келеді. Қазіргі таңда жалпы 68 елді мекеннің 60-ы газға қосылған. Келесі жылы аудан 100% газбен қамтылатын болады.





