Арыс қаласында тұрғындарды ұзақ жыл әбігерге салған мәселе түбегейлі шешімін тапты

Арыс қаласының дәл орталығында орналасқан Ақмұрзаев көшесі (жергілікті халық арасында “Махаля” деп аталады) тұрғындары талай жыл бойы жолдың нашарлығына байланысты күнделікті қиындықты бастан өткеріп келген еді. Қыс пен көктем мезгілінде лайдан жүргісіз, жазда шаңдатып тұратын қуыс көшелер тұрғындардың басты проблемасына айналған. Бұл мәселе қала әкімінің жеке қабылдауларында да жүйелі түрде көтеріліп, тұрғындар жолды жөндеу қажеттігін бірнеше мәрте айтқан болатын.
Осыдан кейін мәселе біртіндеп шешімін тауып, биыл нақты нәтижеге қол жеткізілді. Қала әкімдігі «инфрақұрылымды дамыту» бағдарламасы аясында Ақмұрзаев көшесінің 5 тармақталған қуыс жолына толыққанды асфальт төсеуді қолға алып, жұмысты толық аяқтады. Бұрын ой-шұқыры көп, көлік жүруі қиын тар көшелер бүгінде тегіс асфальтпен жабылып, тұрғындар үшін қауіпсіз әрі қолайлы қатынау мүмкіндігі жасалды.
Жол жөндеу жұмыстары мұнымен шектелмеді. Көшенің орталық бөлігі бойымен жаңа жарықшамдарды орнату процесі қатар жүргізіліп, ескі, жарығы нашар шамдардың орнына энергия үнемдейтін заманауи құрылғылар қойылды. Қазіргі таңда олардың басым бөлігі іске қосылып, қараңғы түскеннен кейін көшенің жарықтылығы айтарлықтай артқан. Бұрынғыдай кешкі уақытта балалардың сыртқа шығуға қорқуы, үлкендердің қара жолда абайлап жүруі сияқты мәселелер келмеске кетті.
Тұрғындар атқарылған жұмысқа риза. Тұрақты қатынау мүмкіндігі пайда болып, инфрақұрылымның жақсаруы олардың күнделікті тұрмысын жеңілдеткен. Қуыс көшелерде алғаш рет асфальттың пайда болуы – Ақмұрзаев көшесі үшін үлкен өзгеріс, көптен күткен жаңалық екені айтылып жатыр. Жергілікті жұртшылық қала басшылығына алғыс айтып, бұл жұмыстардың уақытылы орындалғанын ерекше атап өтуде.
Қала әкімдігі инфрақұрылымды жаңарту бағытында жүргізіліп жатқан жұмыстардың мұнымен тоқтамайтынын мәлімдеді. Қоғамдық қабылдауларға түсетін өтініштер мен тұрғын пікірлері алдағы жобаларды жоспарлауда негізгі бағдар болмақ. Әлеуметтік нысандарды жақсарту, жолдар мен жарық жүйесін жаңғырту, қауіпсіздік деңгейін арттыру – әкімдіктің алдағы жоспарларының қатарында.
Жалпы алғанда, Ақмұрзаев көшесіндегі өзгерістер Арыстағы жүйелі жұмыстың бір бөлігі ғана. Қалада тұрғындардың өмір сапасын арттыруға бағытталған жобалар кезең-кезеңімен жалғасып келеді. Ал жолы жөнделіп, жарығы жаңарған Махаля тұрғындары үшін бұл бастама нақты нәтиженің көрінісі болып отыр.





