«AMANAT» ПАРТИЯСЫ: ЕЛДЕГІ МӘСЛИХАТТАРДЫҢ 82 ПАЙЫЗЫ ШОБ САЛЫҒЫН ТӨМЕНДЕТУ ТУРАЛЫ ШЕШІМ ҚАБЫЛДАДЫ

Қазақстан өңірлерінде шағын және орта бизнеске түсетін салықтық жүктемені азайту бағытында айтарлықтай өзгерістер енгізілуде. Жаңа Салық кодексінің нормаларына сәйкес, мәслихаттар жыл сайын 1 желтоқсанға дейін арнайы салық режимінің мөлшерлемесін қайта қарауға мүмкіндік алған еді. Биыл бұл тетік белсенді пайдаланылып, көптеген аймақтар жеңілдетілген мөлшерлемелерді бекітті.
«AMANAT» партиясының Хатшысы, Кәсіпкерлікті қолдау жөніндегі үйлестіру кеңесінің тең төрағасы Эльдар Жұмағазиевтің айтуынша, бүгінде республикадағы 210 аудан мен қаланың 172-сі (82%) арнайы салық режиміне қатысты шешім қабылдаған. Соның ішінде 114 өңір (66%) мөлшерлемені ең төменгі деңгей – 2 пайыз ретінде бекітсе, қалған әкімшілік аумақтар 3 пайыздық мөлшерлеме таңдаған.
Жұмағазиевтің айтуынша, бірде-бір өңір салықты өсіру туралы бастама көтермеген. Оның пікірінше, бұл – жергілікті биліктің кәсіпкерлерге қолдау көрсетуге ниетті екенін білдіретін маңызды көрсеткіш.
Арнайы салық режимі шағын және орта кәсіпкерлік үшін ең қолайлы фискалдық тетіктердің бірі саналады. Ол қарапайым әкімшілендіріледі және бизнес шығындарына тікелей әсер етеді. Сол себепті мөлшерлеменің 1 пайызға төмендеуі кәсіпкерлер үшін айтарлықтай қаржылық жеңілдік болып табылады.
Партия хатшысы Алматы қаласын мысал ретінде келтірді. Елдегі ШОБ субъектілерінің шамамен 18 пайызы шоғырланған мегаполисте мәслихат талдау жүргізіп, 3 пайыздық мөлшерлемені бекіту туралы шешім қабылдаған. Бұл шешім шамамен 200 мың кәсіпкерге әсер етеді және қаладағы іскерлік белсенділікті арттыруға да ықпал етпек.
Жұмағазиевтың айтуынша, мұндай қадам көлеңкелі айналымды азайтып, бизнес субъектілерін ашық есепке өткізуге ынталандырады. Сонымен қатар салық базасын қысқарту қаупі жоқ, керісінше түсімдердің тұрақтылығын қамтамасыз етуге мүмкіндік туады.
«AMANAT» партиясы еліміздегі өкілді органдарда басымдыққа ие. Бүгінде мәслихаттардың 3415 депутатының 2667-сі немесе 78 пайызы аталған партияның өкілдері. Осылайша партия депутаттарының үйлесімді жұмысы мен бастамаларды жедел қолдауы шағын және орта бизнесті қорғау бағытындағы саясаттың жүйелі жүзеге асуына ықпал етіп отыр.
Партия мәлімдеуінше, қабылданған шешімдер кәсіпкерліктің дамуына жаңа серпін беріп, өңірлік экономикаға қосымша тыныс ашуы тиіс.





