Жетісайда жол қауіпсіздігі мен адам шығынын болдырмау мәселелеріне арналған кеңейтілген жиын өтті

 

Жетісай ауданында жол қозғалысының қауіпсіздігін арттыру, тұрғындар мен қонақтардың жолдағы қауіпсіздігін қамтамасыз ету және жол-көлік оқиғаларының алдын алу мақсатында кеңейтілген жиын ұйымдастырылды. Түркістан облысы прокурорының аға көмекшісі Ербол Тұрсынбаев бастаған арнайы жұмысшы тобы ауданға келіп, жол-көлік қауіпсіздігі саласындағы өзекті мәселелерді талқылады.

 

Аудан әкімінің орынбасары Нұркен Әлмеш, аудан прокурорының орынбасары Ырысбек Намазов, аудандық полиция бөлімінің инспекторлары мен жол инфрақұрылымын дамытуға жауапты мекеме басшылары қатысқан жиында жүргізушілердің жол жүріс мәдениетін арттыру, жол ережелерін қатаң сақтау, жылдамдықты бақылау және жол белгілерін орнату секілді маңызды бағыттар қаралды. Сонымен қатар, жаяу жүргіншілерге қауіпсіз жағдай жасау, жол қозғалысын цифрлық бақылау жүйесі арқылы реттеу мәселелері де жан-жақты талқыланды.

 

Сала мамандарының мәліметіне сәйкес, биылғы жылы облыстық цифрландыру, мемлекеттік қызметтер көрсету және архивтер басқармасы Жетісай ауданында жол қауіпсіздігін арттыру мақсатында бірқатар маңызды іс-шаралар жүргізді. Аудан аумағында 31 дана жылдамдықты автоматты түрде өлшейтін «Сергек» және «Мерген» камералары орнатылған. Сонымен қатар, жол-көлік оқиғалары көп тіркелетін қауіпті 60 мекен-жайға бақылау бейнекамералары қойылды. Аудан көшелеріне қарама-қарсы бағытты айқындайтын жол сызбалары таңбаланып, 25 шақырымдық учаскеде жолақтар жаңартылды. Жаяу жүргіншілер үшін 25 мекен-жайда жаңа жолаушылар жолағы белгіленіп, стандартқа сай 150 метр жол кедергілері орнатылды.

 

Кеңейтілген жиында Ербол Тұрсынбаев жауапты сала басшыларына жол қауіпсіздігі бойынша жұмыстарды жүйелі ұйымдастыру, жол ережелерінің сақталуын қатаң бақылау және жол инфрақұрылымын жетілдіру міндеттерін қойды. Сонымен қатар, тұрғындар мен жүргізушілердің ұсыныс-пікірлерін ескере отырып, жол-көлік оқиғаларының алдын алу бойынша нақты шаралар қабылданатыны хабарланды.

 

Жиын барысында жол белгілері мен инфрақұрылымды жаңарту, жаяу жүргіншілерге арналған қауіпсіздік жолдарын салу, жылдамдықты бақылау камераларын қосу және жүргізушілердің жол ережесін сақтау мәдениетін арттыру маңызды фактор ретінде қаралды. Мамандар жол инфрақұрылымын дамыту арқылы жолдағы адам шығынын азайтуға, жол-көлік оқиғаларының санын төмендетуге және аудан тұрғындары мен қонақтарының қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған жұмыстардың алдағы уақытта да жалғасатынын атап өтті.

 

Аудандық деңгейде атқарылатын бұл шаралар тұрғындардың өміріне қауіпсіздік, жол-көлік қозғалысының тәртібі мен көлік инфрақұрылымының сапасын арттыруға мүмкіндік береді. Жетісай ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлағандай, жиында айтылған тапсырмалар бойынша тиісті жұмыстар тұрақты түрде жүзеге асырылып, жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында мониторинг пен бақылау жүйесі күшейтілмек.