Жетісайда өрт қауіпсіздігін қамтамасыз етуге арналған рейдтік тексерістер күшейтілді

ҚР вице-премьері Қанат Бозымбаевтың тапсырмасына сәйкес, әлеуметтік осал топтарға жататын отбасылардың үйлерінде, жатақханалар мен хостелдерде өрт қауіпсіздігі ережелерінің сақталуын қадағалау мақсатында Жетісай ауданында кезекті рейдтік тексеріс ұйымдастырылды. Шараға аудан әкімінің орынбасары Нұркен Әлмеш жетекшілік етті. Сондай-ақ, қала әкімінің және кент пен ауылдық округ әкімдерінің орынбасарлары, аудандық төтенше жағдайлар бөлімі мен полиция бөлімінің инспекторлары, газ инспекциясы қызметкерлері қатысты.
Рейд барысында тұрғын үйлер, көппәтерлі үйлер мен жеке секторлардың жылыту маусымына дайындығы тексерілді. Мамандар өрт қауіпсіздігі, газдан уланудың алдын алу, жылыту пештерін пайдалану ережелері мен электр құралдарының қауіпсіздігі жөнінде түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, арнайы үнпарақшалар таратты.
Жүргізілген тексеріс барысында тұрғындардың кейбірі рұқсат етілмеген жылыту пештерін пайдаланып жатқаны, түтін мұржаларының талапқа сай еместігі, электр сымдары мен розеткалардың ақаулы екені анықталды. Бұл фактілер бойынша хаттамалар толтырылып, тұрғындарға ескерту жасалды.
Аудан әкімінің орынбасары Нұркен Серікұлы өз сөзінде: «Газ және электр құралдарын дұрыс пайдаланбау өрт қауіпіне әкелуі мүмкін. Сондықтан күнделікті тұрмыстағы қарапайым қауіпсіздік ережелерін сақтау әрбір азаматтың өмірі мен мүлкі үшін маңызды. Рейдтік тексерістер тұрақты түрде жүргізіліп, алдағы уақытта да жалғасады», – деп атап өтті.
Мамандар анықтаған кемшіліктер бойынша тұрғындарға бірінші кезекте ескерту жасалады және оларды жоюға нақты уақыт белгіленеді. Егер көрсетілген мерзімде кемшіліктер түзетілмесе, табиғи газ немесе электр энергиясын беру тоқтатылып, заңға сәйкес айыппұл салынады.
Аудандық төтенше жағдайлар және газ инспекциясы қызметкерлері тұрғындарға жылыту құралдарын қауіпсіз пайдалану, пештерді тексеру, түтін шығару жүйесін бақылау, электр сымдарын жөндеу мен розеткаларды дұрыс пайдалану жөнінде кеңес берді. Бұл шаралар өрттің алдын алу, тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және адам өмірін сақтауға бағытталған.
Сонымен қатар, рейд барысында мамандар тұрғындарға өрт сөндіру құралдарын пайдалану тәртібі мен алғашқы қауіпсіздік шараларын түсіндірді. Әлеуметтік осал топтардағы отбасыларға жеке кеңестер беріліп, қауіпсіздік талаптарын сақтау жолдары көрсетілді.
Жетісай ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлағандай, рейдтік тексерістер тұрақты түрде жүргізіліп, тұрғын үйлердің, мектептер мен әлеуметтік нысандардың өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтау деңгейі қадағаланады. Бұл жұмыстар азаматтардың қауіпсіз өмір сүруіне, мүлкі мен отбасының қорғалуына бағытталған маңызды шара болып отыр.





